Қарызға батқан қоғам

585

0

Бүгінде облыс тұрғындарының банкке қарызы 361,4 млрд теңгені құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 17,5%-ға өскен. Халық алған несиесінің бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен тұтынушылық мақсатқа жұмсаған. Ұлттық банктің Қызылорда филиалының мәліметіне қарағанда, облыс бойынша мерзімі өткен несие 10,2 млрд теңгені құрап отыр. Біздің елде қарызға өмір сүру үйреншікті жағдайға айналып кеткені соншалық, экономикалық белсенді қауымның 80%-ның басында бір, екі, тіпті үштен несиесі бар.

Қазір қарасаңыз, алған ақшасын қайтара алмай күйзеліп жүргендер көп. «Қарыз күліп кіріп, жылап шығады». Біз бұл сөзге көп мән бермейміз. Ең сорақысы сол, қиындықтан құтылудың жолы қарыз немесе несие алу деп білеміз. Несие алудан қорқып жатқан ешкім жоқ. «Бас аман болса, несие төленеді» деп, белшесінен батып бір емес, бірнеше несие төлеп отырғандар жетіп-артылады. барлық дерлік дүкендерде бөліп төлеу көп. Киімді, қажетті тұрмыстық техниканы қойып, үйге қажетті азық-түлік, кеңсе заттарын бөліп төлеуге алатын болдық. Көп жастардың қолынан «Ipһone» телефонын байқауға болады. Оны да ата-анасы ешкімнің баласынан кем қалмасын деп несиеге алып бергенін кейбір жастар түсінбейді де. Оны ата-анасы қалай төлеп жатыр? Шаруасы жоқ. Бастысы, қолында соңғы үлгідегі «жарты алмасы» бар құрылғы. Біз өмір сүріп жатқан қоғамда қарызсыз өмір сүру мүмкін бе? Бір адамға оңай бірнеше несие рәсімделе береді. Несиемен сол күнгі мәселенің шешілуін ойлағанмен, жылдар бойы қарызды қалай өтейтініне бас қатырмайды.

Жасыратыны жоқ, кейінгі кездері бірін-бірі сүйіп қосылған жастардың дәм-тұзы жараспай айырылысуы жиі кездесуде. Әрине, себептері өте көп. Соның бірі, ұрыс-керіс ақшаның жетіспеушілігінен орын алатыны айтпаса да белгілі. Мәселен, бір айлық табыс қарыздан, күнделікті тамағыңнан, коммуналдық қарыздан артылмағаннан кейін басқа жоспарлар ысырыла береді. Жұбайлардың арасындағы түсініспеушіліктер осыдан.

Заманның талабы болар, қаракөз қыздар танысқан жігіттердің зәулім үйіне, астындағы қымбат көлігіне, тапқан қомақты табысына қарайтын болды. Бір қызығы, он жыл бұрын келін түсіретін кезде жігіттер ақылы негізде оқитын қыздардан сақтанатын. Бүгінде мойнында несиесі бар қыздарды алуға алаңдайтын жігіттердің қатары көбейе бастаған. Бұл – бүгінгінің ащы шындығы. Себебі, жастардан бастап, зейнеткерлерге дейін несие алуға мәжбүр.

Қазір цифрландырылған қосымша арқылы үйде отырып та несие рәсімдей беруге болады. Бұрынғыша ондаған қағаз да шығармайды. Ортақ базадан тексеріп бере береді.

Несиені алғанда қалай қуансаң, қайтарғанда соншалықты қиналатының рас. Бір ай бойы маңдай термен тапқан жалақыңды сол күйімен несие төлеп, қарыз өтеу кімге оңай? Алғашында уақытылы төлеп тұруың мүмкін. Бірақ алда не күтетініне ешкім кепілдік бере алмайды. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, қарыз қайтарылуы керек.

«Қарыз – қайырсыз іс» деген. О баста адамдар қарыз алғанда, банктен қашуды ойлаған жоқ. Олар өз мүмкіндігі мен төлем қабілетін есептей алмады. Тәуекелге бел буып, бір сәттік мәселесін шешу үшін көлемді несие алуға асықты. Бірақ ол проблемадан құтыла алған жоқ. Қайта мойнына қыл арқан түсіп, барған сайын банкке кіріптар бола түсті. Сондықтан лажы болса, несие алу үшін банкке бас сұғудың қажеті шамалы.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<