Қаржы мақсатты жұмсалуы керек

506

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында 3 мәселе қаралып, тиісті тапсырмалар берілді. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары мен басқарма басшылары қатысты.

Алдымен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев агроөнеркәсіптік саланы дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуы туралы баяндама жасады.

Үш жыл ішінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдауға 39 млрд теңгеден астам қаржы (субсидия) бөлініп, 99,9% толығымен игерілген. Дегенмен, құқық қорғау органдары агроөнеркәсіптік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаржысын пайдалану заңдылығына тексеру жүргізіп, бірқатар кемшіліктер анықтаған.

Аймақ басшысы кемшіліктер алдағы уақытта болмау үшін ішкі талдау жүргізу қажеттігін айтып, басқарма басшысына субсидиялау нормаларының қатаң сақталуын жеке бақылауға алуды және заңнамада қайшылықтар кездескен жағдайда уәкілетті органдарға ұсыныс беруді әрі жауапты қызметкерлерге құқықтық оқыту өткізуді қатаң тапсырды.

Мұнан кейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы айтты. Мемлекеттік грант алушыларға жүргізілген мониторинг 239 грант иегерінің қаржыны мақсатсыз алғанын анықтады. Нәтижесінде 165 жағдай сот қарауына ұсынылып, 44-не қатысты қаржыны бюджетке кері қайтару туралы шешім шығарылған.

Облыс әкімі анықталған заң бұзушылықтарды терең талдап, жүйелік кемшіліктерді болдырмау бағытында шаралар қабылдауды тапсырды.

Жиында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мәселелері де қаралды. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров жобалық кеңсе аясында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағыты жобасының іске асырылуын баяндады.

Аймақ басшысы белгіленген іс-шараларды орындауды, уәкілетті орган бекіткен үлгілік қағидаларға сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, бағынысты квазимемлекеттік секторда жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтерінің жұмысын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, облыстық ішкі саясат басқармасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жобасында көзделген іс-шараларды орындауды жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<