Н.Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театрында ҚР Ұлттық валюта күнімен қатар келген еліміздің қаржы-экономика саласының құрылғанына 100 жыл толуына орай салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.
Осы уақытта Сыр өңірінің қаржыгерлік мектебі қалыптасып, аталған саланың біртуар азаматтары ел экономикасының дамуына үлес қосты. Алдымен театрда сала ардагерлерінің қатысуымен «Ғасыр белесінде» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Жинақта қаржы саласының дамуына үлес қосқан мамандар туралы мәліметтер берілген.
Салтанатты шарада аймақ басшысы қаржы саласының ардагерлері мен мамандарын құттықтап, лебізін білдірді.
− Қаржы-экономика органдарының құрылғанына 100 жыл толса, оның жиырма сегіз жылында өзіміздің Ұлттық төл теңгемізбен өмір сүріп келеміз. Ұлттық валютаның айналымға түсуі Тәуелсіз Қазақстанның өз нарығын қалыптастыруда, қаржылық және салықтық саясатты жүзеге асыруда, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде нақты қадамдарды айқындауға септігін тигізді. Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде қаржылық реформа тәуелсіздігімізді нығайта түсті. Бір ғасырлық кезеңде Сыр өңірінің қаржыгерлік мектебі де қалыптасып, өсіп-өркендеді. Камал Шөкенов, Бименді Баймаханов, Құттықожа Ыдырысов ағаларымыздың есімдері бүгінгі күні өңір тарихына алтын әріппен жазылып қалса, Сейітсұлтан Әйімбетов, Қалқазбек Әжібеков, Дайрабай Ысқақов, Мырзахмет Ауанов, Болатбек Жасақбаев Майдан Мәселеева, Райхан Ысқақова қоғамдық деңгейде белсенді үлес қосуда. Ел экономикасының дамуына аянбай күш-жігерін жұмсап, жауапкершілік жүгін арқалап, адалдықпен еңбек еткен сала ардагерлері мен мамандарына алғысым шексіз, − деді облыс әкімі.
Мерекеде облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешіміне сәйкес, белгілі экономист-қаржыгер, мемлекет және қоғам қайраткері Сейітсұлтан Әйімбетовке «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ, аймақ басшысы сала қызметкерлеріне ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Құрмет грамоталары» мен ҚР Қаржы министрлігінің және облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Шара соңында облыстық филармония өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»





