Қаржы тарту – қажырлы еңбектің жемісі

413

0

Экономиканы алға сүйрейтін күш – инвестиция, қазіргідей геосаяси жағдайда оның маңызы күннен-күнге артып барады. Сондықтан инвестициялық ахуалды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу керек.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – экономиканың барлық саласына отандық және шетелдік инвестиция тарту. «Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс» делінген Жолдауда. 

Меже мен мүмкіндік

Инвестиция тұрақты өсу қарқыны сақталған, инфра­құрылымдық проблемалары шеші­мін тапқан, халықаралық қоғам­дастықта лайықты орны бар, инвес­торларға қолайлы жағдай жасауға бейілді, қаржының қайта­рымына кепілдік бере алатын, ең бастысы заң үстемдігі орнаған мем­лекетке келеді. Бұл сөзімізге тәуелсіздік жылдарында елімізге құйылған миллиардтаған доллар қаржы дәлел бола алады.

Сыр өңіріне инвестиция тарту облыс басшылығының  кейінгі жылдардағы жұмысының басты әрі негізгі бағытына айналды. Өткен жылы облысқа 517,5 млрд теңге инвестиция тарту индикаторы бекітілді. Осы индикатор 23,5% немесе 122 млрд теңгеге артық орын­далды, оның 70,5%-ы – жеке инвестиция. Биыл 631,4 млрд теңге инвестиция тарту қажет.

Президент Жолдауында атап көрсе­тілгендей, әлемде инвес­ти­цияға талас өршіп тұр. Мұндайда ізденгеннің мұратқа жетері анық. Облыстың инвес­тициялық әлеуеті, артық­шылықтары, мүмкіндіктері туралы жан-жақты сарапталған ақ­параттар инвесторларға ұсы­нылады.

Қызылорда облысының инвес­тиция саласындағы басты артық­шы­лықтары – көлік-логистикалық әлеуеті, минерал­дық-шикізат ре­сурстарының бай қоры, жоғары деңгейдегі инфрақұрылымы, агро­өнеркәсіптік кешенді және жаңар­тылатын энергия көздерін, құ­ры­лыс индустриясы, тау-кен, химия, жеңіл және тамақ өнер­кәсіп­терін дамыту мүмкіндіктері.

Қызылорда – инвесторларға қолайлы аймақ

Инвесторларға қолайлы жағ­дай жасау, инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін Қы­зылордада «Қорқыт Ата әуе­жа­йының» жаңа терминалы қол­да­нысқа берілді. Терминалға «Болат Өтемұратов қорының» инвес­ти­циясы, инженерлік-комму­ника­ция­лық инфрақұрылымына, жол салуға, аумағын абаттандыруға, жа­рық­тандыруға жергілікті бюд­жет­тен қаражат бөлінді.

Жаңа нысан аз уақытта елі­міздегі ең сәулетті,  ұшып келу­шілер мен кетушілерге барлық жағдай жасалған, халықаралық талап­тарға толық сай келетін әуежай деген баға алып үлгерді. Терминалдағы ішкі және халық­аралық рейстерге, транзиттік жо­лаушыларға арналған, CIP залдары, жүкті автоматты беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүкте­лері, медпункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері жолаушыларға қалтқысыз қызмет көрсетуде.

Өңірдегі жақсы жағдайдағы жолдар үлесінің,  газбен, ауызсу­мен қамту көрсеткішінің жылдан жылға артуы инвесторларға қо­лайлы жағдай туғызары сөзсіз. Қы­зылорда қаласындағы жаңа авто­вокзалдан сапарға шығатын автобус маршруттары да жолау­шылар тасымалына оң ықпал етті.

«Қызылорда-Жезқазған» авто­жо­лы­ның жаңғыртылуы, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халық­ара­лық дәлізінің Қызылорда қала­сынан Ақтөбеге дейінгі аумағын төрт жолақтыға айналдыру жобасы  жол-көлік инфрақұры­лымын­дағы мәселелерді түбегейлі шешеді.

Қызылордада 60 жылдан бері жұмыс істеп тұрған, бүгінде тозығы жеткен жылу-электр орта­лығы жаңартылуда. Түркиялық «Aksa Energy» компаниясы  215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орта­лығының құрылысын қар­қынды жүргізуде. Инвестор жылу орталығының құрылысына 127 млрд теңге инвестиция салды. Орта­лық алдағы уақытта ел игілі­гіне табысталады.

Аймақта қазақстандық күріш пен тұздың 90%-дан астамы өндіріледі. Ішкі нарықты осы өнімдермен толық қамтамасыз етеді, алыс және жақын шетелдерге белсенді түрде экспорттайды. Сондай-ақ балық шаруашылығы – басым сала. Өңірде Арал теңізі және 200-ден астам көл бар.

Мал шаруашылығы жақсы дамыған. Облыс тұрғындары ата­кәсіпті өркендету ісіне бейім болғандықтан, шикізат өңдейтін жобаларды іске асыруға қор жет­кілікті. Елімізде де, өңірде де мал басының жыл сайын артуы тері және жүн өңдейтін кәсіпорындар желісін дамыту керектігін күн тәртібіне шығаруда. Өңірде не­гізінен ет бағытындағы, ірі қыл­шықты жүнді және қаракөл қой тұқымдары аудандастырылған.

Облыста инженерлік инфра­құрылыммен қамтамасыз етілген 6 индустриялық аймақ бар. Инвес­тор­ларға сол аймақтардан жер беріледі.

Шетелдік делегацияларды ша­қыру, күтіп алу, таныстыру, құжат­тарды заңдастырып, рұқсат беру құжаттарын алу, бизнес-жоспар­ларды әзірлеу және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қолдау шараларын «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік өкілдігі, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­пора­циясы, «Қызылорда» өңірлік инвес­тициялық орталығы, «Қы­зыл­орда облысын дамыту орта­лығы» ЖШС, «Бизнеске арналған үкімет» және «Қызылорда индус­триялық аймағы» ЖШС атқарады. Бұл институттар инвестициялық жобаларға,  жұмыс істеп тұрған кәсіп­орындарға өз құзыреті шегін­де әртүрлі қолдау көрсетеді.

Күніне бір кездесу

Өңірге инвестиция тарту мақ­сатында өткен жылы 46 іс-шара, 200-ден аса онлайн және оффлайн кездесу өткі­зілген. Бұл – бір жыл ішінде 248 жұмыс күні болса, күніне бір кездесуден өткізілген деген сөз.  Шет мемлекеттерге, атап айтқанда Түркия, Қытай, Татарстан, Ресей, Египет, Өзбекстан, Италия, Ис­панияға іссапар ұйымдастырылды. Ал Қызылордаға Чехия, Польша, Түркия, Беларусь, Корея, Еуро­Одаққа мүше мемлекеттер, АҚШ, Жапония, Вьетнам, Германия, Фран­ция, Нидерланд, Ресей, Иор­дания, Қытай инвесторлары келді. 

Аймақтың инвестициялық әле­уетін таныстыру, нақты ком­па­нияларды тарту мақсатында бір­неше презентациялық материал әзірленіп, Сыртқы істер министр­лігі мен Қазақстанның шетелдер­дегі мекемелеріне жолданды.

Ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясы, тау-кен, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсіп­теріндегі құны 2,2 млрд АҚШ доллары болатын 60, оның ішінде, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа талаптарына сәйкес енгізу үшін 332,6 млн АҚШ долларының 13 инвестициялық жоба­сының тизері әзірленді.

Ми­нералды-шикізат базасын си­пат­тайтын таныстырылымдық кі­тап­­шалар, өңірдің инвестициялық бағдарламасы  түзілді. Бағдар­ла­ма­да инвестициялық ахуалдың ағым­дағы жай-күйі, инвестициялық тартымдылықты дамыту тетіктері және нысаналы көрсеткіштер көрсетілген. Өңірге инвестиция тарту бойынша іс-қимыл жоспары жалпы облыс және қала, 7 ауданда жеке-жеке жасалған. Бұл инфра­құрылымдық және басқа да мәселелерді, жергілікті жердің проблемаларын нақты шешуге мүмкіндік береді.

Қолданыстағы инвестициялық штабқа ұқсас облыс әкімінің төр­аға­лығымен өңірлік инвестициялық штаб құрылды. Штаб құрамында жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімше басшылары, «Kazakh Invest», кәсіпкерлер пала­тасының, прокуратураның, салық органдарының өкілдері және басқалар бар. Өңірлік штаб оты­рысында инвестициялық жоба­лардың проблемалық мәселелерін шешу жөнінде шаралар талқы­ланып, қабылдануда.

Іссапарлар нәтижесі

Қазақстан Республикасы  Сыртқы істер министрлігі, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен Қазақстанның шетелдердегі ел­шіліктерінің қолдауымен өңірге шетелдік инвестиция тарту мақ­сатында ұйымдастырылған ісса­парлар мен іс-шараларға тоқталып өтейік.

Былтыр желтоқсан айында аймақ басшысы Н.Нәлібаев бас­таған облыс делегациясы Италия, Испания, Түркияға барып, бірқатар компания басшыларымен кездесу өткізді. Испанияда өңірге кера­микалық, санитарлық-техникалық бұ­йымдар өндірісін орналастыру бо­йынша келіссөз жүргізілді. Оның қорытындысымен компания өкіл­дері қаңтар айында облысқа жұ­мыс сапарымен келіп, қажетті ши­кізат және инженерлік-инфра­құрылым жеткізуші мекеме бас­шыларымен кездесті. Зерт­ханалық жұмыстар жүргізу үшін инвестор сұратқан шикізат үлгілері Ис­панияға жолданды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Қытай елінен әлемдік деңгейдегі озық технологияларды тарту тапсырмасына сәйкес ақпан айында облыс әкімі Н.Нәлібаев бастаған облыс делегациясы Қы­тайға барды. Іссапар кезінде Шэньси (Сиань), Нинься-Хуэй (Иньчуан), Сычуань (Чэнду) өңір­лерінде және Бейжіңде кездесулер өтті. Облыстың инвестициялық әлеуеті, минералды-шикізаттық ба­засы, әлеуметтік-экономикалық даму барысы, инженерлік инфра­құрылым деңгейі және инвес­торларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары кеңінен таныс­тырылды. Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы, кұрылыс, тау-кен, жеңіл, химия өнеркәсіптері салаларын­дағы құны 2,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 60 инвестициялық жоба­ның тизерлері табысталды.

Бұған қоса, мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика салаларында 30-ға жуық инвестормен келіссөз жүргізілді.

Нинься-Хуэй және Сычуань провинцияларында 100-ге жуық қытайлық компанияның қаты­суы­мен ынтымақтастық орнату туралы бизнес-форумдар өткізілді. Іс-шараларда облыстағы инвестиция қажет ететін жобалар таныс­тырылып, G2B, В2В кездесулер ұйымдастырылды.

Қытайға жасалған іссапар нәтижесінде ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларына озық технологияларды енгізу бойынша жалпы құны 10,8 млрд теңге болатын

9 келісім-шартқа қол қойылды.

Атап өту қажет, 2022  жылдан бері облыс Үкімет бекіткен инвестиция жоспарын артығымен орындап келеді. 2021 жылы өңірге 308,9 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024 жылы инфрақұры­лымдық және инвестициялық жобалар есебінен ол 639,5 млрд теңгеге жетті, көрсеткіш 2 есеге артқан (207%).

Алдағы уақытта шетелдік инвесторлармен бірлескен жоба­лардың қатарын толықтыру арқылы биылға бекітілген көрсет­кішке қол жеткізу мақсатында тиісті жұмыстар жалғаса береді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<