Қаржыгерлерге құрмет көрсетті

668

0

Ұлттық валюта және қаржы саласы қызметкерлері күні мерекесі Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде қорытындыланды.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған құрметті қонақтар, ардагерлер, қаржы саласының ардагерлері және мамандары қатысты.

Кеште сөз алған аудан басшысы көпшілікті мерекемен құттықтап, өзінің жылы лебізін жеткізді.

– Бүгінгі Сіз бен біз үшін аса маңызды, айрықша қадірлі күні қазақ валютасы теңгенің дизайнын жасауға атсалысып, өмірге келтірген суретшілер қатарында жерлесіміз Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері график-кескіндемеші, «Қазалы ауданының құрметті азаматы» – Ағымсалы Дүзелханов ағамыздың еңбегін мақтанышпен ерекше атап өту парызымыз деп білемін.
Бүгін осы мерекелік шара аясында Ұлы Отан Соғысының және қаржы саласының ардагері, КСРО қаржы саласының үздігі Күнтуған Көшімов ағамызға Әйтеке би кентінен көше атауы берілсе, аудан әкімдігінен аудан қаржыгерлерінің тарихынан сыр шертетін қаржы саласына арналған «Қаржы – халық қазынасы» деп аталатын фойе-музейі ашылды.
Құрметті қауым, Қазалы қаржыгерлерінің жасап жатқан еңбегі аз емес. Тиыннан теңге құрап, табыстың берекесін тасытқан ардагерлеріміз ауданымыздың экономикалық көрсеткіштерінің артуына талмай еңбек етті. Қазіргі таңда сала ардагерлері салып кеткен сара жолды олардың ізбасарлары лайықты жалғастырып келе жатыр деп мақтанышпен айта аламын, – деді М.Әуесұлы.

Мұнан соң аудан басшысы бірқатар азаматтарды ҚР Қаржы министрінің, облыс әкімінің, облыс әкімі орынбасарының, облыстық экономика және қаржы басқармасы басшысының, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасы мен аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және облыс әкімінің, ҚР Қаржы министрлігі қазынашылық комитетінің Қызылорда облысы бойынша қазынашылық департаментінің «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Одан бөлек, сала ардагерлеріне Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған мерейтойлық төсбелгіні табыстады.

Кеште қаржы саласының ардагері Базаркүл Нысанғалиева республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының «Ерен еңбек иесі», «Ел құрметі» орденін иеленді.

Аудан өнерпаздары жиналған көпшілік үшін әсем әннен шашу шашып, мың бұрала биледі. Қорытынды кеште ерекше көңіл күйге бөленген қонақтар ризашылығын жеткізіп, жайдары күйде тарқасты.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<