Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеретін негізгі күретамыр – ауыл шаруашылығы. Асыраушы саланың егіншілік, жеміс-жидек, көкөніс, төрт түлікті түлету, тағы басқа да толып жатқан бағыттары бар. Бүгінде күнкөрісіміздің басым бөлігін құрайтын саланы дамытуға қандай басымдық берілуде? Үкімет тарапынан қолға алынған бағдарламалардың нәтижесі қалай? Жалпы істің көзін табуға ынта білдіргендер үшін қандай қолдау бар?
Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұратынын мәлімдеп, Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа да қол қойды. Ал оның бастамасы қалай жүзеге асуда? Жергілікті кәсіпкерлер ауыл шаруашылығының қай бағытын дамытуға ниетті?
Рас, ең әуелі қай кәсіпті бастасаң да оған қаражат керек. Ол үшін несие алмасаң, тіршілігің алға баспайды. Бұл ретте ауыл шаруашылығын дамытамын деген кәсіпкерлерге арналған түрлі бағдарламалар бар. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараевтың айтуынша, 2001 жылы құрылған корпорацияның қазіргі активтері 1 триллион теңгеден асады. Еліміз бойынша 79 мыңға жуық кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетеді. Ауыл шаруашылығы үшін берілетін несиенің 80 пайыз мөлшерін қамтып отырған мекеме. Облыс бойынша 1,5 мың кәсіпкер аталған корпорациядан қаржылай несие алып, ісін дөңгелентуде. Ал «Қазагро» АҚ арқылы 200-дей кәсіпорын несие алған. Бұл компания лизингтік операциялар бойынша жұмыс жасайды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Агробизнес», «Кеңдала», «Іскер», «Жастар несиесі» бағдарламалары бойынша несиелендіреді. Бұл мекеме арқылы қалай несие алуға болады деген ой келетіні анық.
– Біріншіден, тікелей несие береміз, одан кейін екінші деңгейлі банктер арқылы да несие беру жолдары бар. Мәселен, биылдан бастап «Кеңдала» бағдарламасы «Халық банк» және «БанкЦентркредит» арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен бірге несиелік серіктестіктерімен бірге жұмыс жасаймыз. Қызылорда өңірінде 8 несие серіктестігі бар. Барлығында несиелік желі ашылған. Бұл серіктестіктер «Агро несие корпорациясы» арқылы 12 млрд теңге несие берген. Сонымен бірге, жекеменшік несиелік компаниялармен, микроқаржы ұйымдарымен де бірлесе жұмыс жасаймыз. Биылға облысқа 9 млрд теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі кезде оның 5 млрд теңгесі берілді. Қалғаны жыл соңына дейін беріледі. Осы уақытқа дейін өңірдің 311 кәсіпкері несие алды, – дейді басқарма төрағасының орынбасары.
Саланы дамытуға беріліп жатқан несиені алу үшін банктер әлбетте, қоятын кепіл сұрайды. Ал өзіңіз білетіндей банк ауылдағы үйлерді кепілге арзанға бағалайды. Мамандардың мәліметінше, бұл мәселе де шешімін тауып, реттелетін күн жақын. Енді ауылдық жерлердегі үйлер мен құрылыс нысандары орта есеппен алғанда 30-40 пайызға жоғары бағаланады. Ол үшін автоматтандырылған арнайы платформа жасалуда. Платформада еліміздегі барлық елді мекенде орналасқан жер учаскелері, үйлер, әртүрлі құрылыстар тіркеліп, бағаланып, нарықтағымен сәйкестендіріледі.
Корпорация арқылы қандай бағдарламалармен несие алуға болады және оны кімдердің алуына мүмкіндігі бар? Айталық, «Кеңдала» бағдарламасы арқылы көктемгі егіс және жинау жұмыстарына жылдық 5 пайызбен қаржы беріледі. Жылда бұл бағдарламаға 1,5-2 млрд теңге қаражат қарастырылса, биыл 2 млрд теңгедей қаржы игеріліп, көктемгі егін жұмыстары толықтай қаржыландырылған. «Агробизнес» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығындағы кез келген жобалар қаржыландырылады. Оның ішінде егіншілік, мал және өңдеу шаруашылығына беріледі. Бұл бағытта кәсіпкер 6 пайызбен несие алуына болады. Биылға бөлінген 5 млрд теңге қаржы игерілуде. «Іскер» бағдарламасы арқылы микроқаржылар кәсібін жаңа бастап жатқандарға беріледі. Несие 6 пайызбен 7 жыл мерзімге дейін қарастырылған. «Жастар несиесі» аты айтып тұрғандай, 21-35 жас аралығындағы кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін қаржыландырылады.
Облыс бойынша несие алуға өтініш білдіргендердің басым бөлігі мал шаруашылығын, оның өнімін өңдеуге қаржыландыруды сұраған. Ал қыс бойы және ерте көктемде көкөніс пен жеміс-жидектің барлығы Иран, Түркіменстан, Қытай, Өзбекстан, Аргентина, Пәкістаннан келеді. Өзімізде жергілікті жерде бұл бағытты дамытуға мүкіндіктер жоқ па? Оған не кедергі? Сауалымызға корпорацияның облыстағы филиал директоры Маханбет Тұрмаханов былайша жауап берді.
– Өңірдің ауа райының қолайсыздығы, жердің құнарсыздығы көкөніс пен жеміс-жидек бағытын өркендетуге кедергі болып тұр. Ал жайылымдық жер көп болғандықтан кәсіпкерлердің басым бөлігі мал шаруашылығы мен оның етін өңдеуге көңіл бөлуде. Ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, жылыжай өндірісін дамытуға қаржылай қолдау көрсетуге дайынбыз ,– деді ол.
Ауыл шаруашылығын, оның әр саласын өркендетуге бағытталған бағдарламаларға биыл басымдық берілуде. Өңірде жылыжай шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік бар. Алайда бізде оны өзге елден әкеліп, үстіне пайызын қосып сатқан әлдеқайда тиімді. Бұл жағынан алыпсатарлардың айы оңынан туып тұр. Оңай қаржы тауып, тез байығанды жақсы көреміз. Бірақ, маңдайымыз терлеп, беліміз бүгіліп, Жер ананың берген несібесін теруге келгенде құлықсыздық танытамыз? Еңбектенгеннен гөрі бізге анда-санда такси болып, бес-он теңге тапқан олжа. Бір күн кезекшілікте тұрып, екінші күні демалатын күзетшілік жұмысты да қолайлы санаймыз. Сөйте тұра, «қазақ неге байымайды, ауыл неге өркендемейді, сала неге дамымайды?» деп ұрандаймыз. Өкінішке орай, бүгінгі шындықтың бірі – осы. Әлде тіршілік ауанын өзгертуге кедергі келтіретін себеп бар ма? Ой қоссаңыз болады!
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<