Қаржың болса, қажысың

854

0

Ұмра неге кәсіпке айналып кетті?

«Қажыға барған қазақтар» атты кітаптың мұқабасынан «Барлық жол Меккеге апарады» деген халық мәтелін оқып қалдым. Иә, мұсылманның бесінші парызы – қажылық. Бұған қазір әркім өз білгенінше сапарлатып, өзіне ыңғайлы жолмен барып- келіп жатыр. Сапардың салмағын саралап, қажылықтың құндылығына мән беріп жатқандар сиреген секілді.

Бұлай ой түюімізге әлеуметтік желілердегі түрлі жазбалар себеп. Бүрсігүні түнгі клубта тайраңдап жүрген әнші не танымал артист келесі күндері ұшақпен зу етіп барып, қажылықтағы «историясын» желіге жүктейді. Көкке, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Шын ниеттеніп барып келгендердің «қажы» дейтін қадірлі атын осы секілді жеңіл ойлайтындар түсіріп жатқан жоқ па деген сауал еріксіз туындайды.

Марқұм, адуынды ақын Абдула Сапардың: «Қазіргі күні «Қартың кім, қазмырың кім, қазынаң кім, ардагерің кім, ақсақалың кім, абызың кім?» дейтін сауалдың жауабы жоқ заман болып тұр ғой. Біреуге осы үлкен ғой деп барсаң, сәлден кейін сәлде таққаның бәрі молда емес, «жүйріктің» бәрі жорға емес болып шығады. Жалпы, біздің буын ақпараттық урнаны айналып жүрген рухани бомждар сияқты» деген сөзі осындайда еріксіз ойға оралады.

Айтқаны айдай! Бүгінде «қажылыққа апарамын» дейтін ақпарат желіде өріп жүр. Ел қайсысына сенеріне білмей дал. Сондықтан біз Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының қажылық бөлімі мамандарымен байланысып, нақты ақпарат алдық.

Ең әуелі қажылықтың мәніне үңіліп, бабаларымыз биік ұстаған, қадір тұтқан ұғым жайында ой өрбітсек. Негізінен, қажылық сөздiкте «қасиеттi жерге баруды ниет ету» дегендi бiлдiреді, шариғатта арнайы уақытта, яғни қасиеттi рамазан айынан кейiнгi айдан бастап зұлхижжа айының 10-12 күндерiне дейiн арнайы мекенде, яғни Сауд Арабиясының Мекке қаласында болып, бекiтiлген ихрамға кiру, Қағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында сағий жасау, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату сияқты амалдарды орындау деп түсiну қажет. Имамдардың айтуынша, шариғатта кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман ғана парызын өтей алады.

– Қажылық – өте сауапты құлшылық әрі үлкен сынақтарға толы сапар. Әуежайға түнделетіп бару, ол жақтан ұшаққа отырып алты-жеті сағат ұшу, мұның барлығы сынақтардың бастамасы болып келеді. Үлкен қажылыққа тек Қазақстаннан ғана бармайды. құлшылықты орындау үшін жер бетінде қанша мұсылман мемлекеті болса, бөлінген квота арқылы мыңдаған мұсылман барады. Мекке мен Мәдина қаласына әр елден миллиондаған қажы бір күнде келіп, белгілі күндері барлығы біріге отырып құлшылық жасайды. Бұл дегеніміз көлік кептелісі, тіпті адамдардың кептелісіне алып барады. Арафат тауында және Жамаратта, яғни шайтанға тас ату күндерінде миллиондаған қажының топтасып жүріп бір құлшылықты орындауы – өте үлкен күшті талап ететін сынақтарға толы сапар. Ол жақтың ауа райының ыстықтығы да – жеке дара сынақ. Қорыта келгенде, әрбір құлшылықтың сынағы мен қиыншылығы болады. Бірақ осы қиыншылықтардың астарында Алла Тағаланың ризалығы мен осы сынақтарға төзе білген жандарға молынан сауап бар екенін естен шығармағанымыз жөн, – дейді имам Қуаныш Наржанов.

Қазақтың ғазиз қажылары

Қазіргі жастар тарихты оқығанымен, одан сабақ алмайтын секілді. Сол үшін, өткендегі өнегелі істерге, өрелі тұлғаларға тоқталып өтуді жөн санадық.

Шұбар жолдың шалғайлығына қарамастан әрқилы сынақтар мен қиыншылықтарды бастан кешіріп, жандарын шүберекке түйіп, айлап-жылдап жүріп, бір емес бірнеше қайта қасиетті жерді зиярат еткен ардақты қажылар қазақта жеткілікті. Олардың ішінде қазақ аңыз етіп айтып кеткен жан – Құнанбай Өскенбайұлы. Ол заманында би, балуан, аға сұлтан болған. Оның мұсылманшылдығы мен қажылыққа ниеті туралы Әрхам Кәкітайұлы: «Құнанбай ел басқару ісін балаларына қалдырып, өзі тағат, ораза, намазға бой ұрып, үйінде отырып қалады. 71 жасқа келгенде балаларын жинап алып: «Қағбатолла, Құдай үйіне – Меккеге барып, тәуап қып қайтайын деп едім» деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап береді» деп жазады.

Біз тарихтан білетіндей, 1879 жылы Меккеге барған Құнанбай парызын өтеумен қатар, қалаға қонақүй салдыртады. Қажылық сапарынан кейін, ел ісіне араласпай, қалған ғұмырын оқшау, тек Құдайға құлшылық етумен өткізген.

Құнанбай қажының немересі Шәкәрім Құдайбердіұлы да – қажылық сапарын өтеп, ғұмырын мұсылманшылдықпен өткізген қазақтың бірі.

Шәкәрім қажылық сапарға 1905 жылдың қараша айында аттанып, келер жылдың наурыз айында Семейге оралған. Парызын өтеуге бір жылдай уақыт кеткен.

Ал қажымұқантанушы Қалиәкпар Әміржанов болса: «Ыстамбұлда атақты түрік палуаны Нұрланы жеңген соң, Шәкір паша мен Имам Баюр Мұқанды құрметтеп қажылыққа шақырады. Сөйтіп үш аптаға созылған керуен Орталық Таврдан, Тигр өзенінің бойымен Бағдадқа, одан әрі Үлкен Нефуз шөлімен Меккеге жетеді. Меккеде құлшылық жасап, Мұқан құдықтан зәмзәм су ішеді, Арафат тауының етегінде үш күн шатырда түнейді. Қысқасы, ол қажылықтың шарттарын түгелімен орындайды. Содан бастап Мұқан деген есімі ұмытылып, Қажымұқан атанып кетеді» дейді.

Сауап пен жауап

Дана бабалардың дара жолын қазіргі ұрпақ ұғынып жүр ме? Меккедегі суретін жарыса жариялап, қажылыққа апаратын турфирмаларды жарнамалап жүрген блогерлерден көз шаршап, құлақ ауырды. Мұсылмандық парызын орындау үшін сол жарнамаларға сеніп, жиған-тергенін турфирмаларға салып, соңында жер сипап қалған адамдар да аз емес. Сонда қажылыққа бару алдап-арбау мен бизнестің көзіне айналып кетті ме? Жалпы қазіргі қажылыққа апаратын компаниялардың жұмысы қай деңгейде?

Үлкен қажылыққа баруды тікелей Діни басқарма қадағалайды. Жыл сайын Сауд Арабиясы қажылық орындарын бөлгеннен кейін ҚМДБ ашық конкурс жариялайды. Былтыр 20 туроператор қатысып, оның 14-і 2022 жылғы қажылықты ұйымдастыруға қабілетті деп танылған. Қалғанының тиісті құжаты жоқ болып шыққан. Діни басқарма өткізетін іріктеуде компанияның 5 жылдық тәжірибесі, Астана және Алматы қалаларында кеңсесі болуы қарастырылады. Сондай-ақ Діни басқармамен меморандумға отыру сияқты талаптары бар. Осы талаптардан өткен компанияларға басқарма қажылық сапарын өткізуге ресми түрде рұқсат береді. Ал талаптарды орындамаған, келісімге сәйкес шешім қабылдамаған қажылық компаниялар квота ала алмайды. Діни басқарманың сараптау комитетінен өтпеген туристік компаниялардың іс-әрекетіне басқарма жауап бермейді. Ал биылғы үлкен қажылыққа іріктеуден 18 туроператор өтіпті. Олар 4 мың адамды апара алады.

– Қазақстандықтарды шетелге туроператорлар алып шыға алады. Қазір проблема үлкен қажылыққа апаратын операторларға емес, Ұмраға апаратын туроператорларға қатысты туындап отыр. Әуел бастан үлкен қажылыққа апару басқарманың қадағалауымен жүзеге асып келеді. Өйткені бұл – мұсылманның бес парызының бірі. Сауд Арабиясы осы қажылықты ұйымдастыру міндетін Діни басқармаға берген. Жыл сайын басқарма мен Қаржы министрлігі арасында келісім-шарт жасалады. Бірақ басқарма коммерциялық емес ұйым болғандықтан, қажылықты техникалық ұйымдастыруды туроператорларға тапсырады. Конкурс жариялап, іріктеуден өткен туроператорларға рұқсат береді.

Ал Ұмра қажылығына апаратын операторларға біз жауап бермейміз, – дейді Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы қажылық бөлімінің басшысы Жанділла Бекжігітов.

Құлшылықтың қадір-қасиеті кетті

Көзіміз жеткендей, Ұмраға апаратын туроператорлардың жұмысы елімізде ешқашан бақылаудан өтпеген. Оны кез келгені ұйымдастыра береді. Сауд Арабиясы кіші қажылықты ұйымдастыруды жеке фирмаларға беріп қойған. Сол компаниямен біздің турфирмалар келісім-шарт жасасқан. Адам жинап, сол жаққа жібереді. Сауд Арабиясында компаниялар қонақүй дайындап, адамдарды күтіп алады. Визаны да сол жеке компаниялар береді. Ал үлкен қажылықта визаны Діни басқарма іріктеуден өткен туроператорларға таратып береді. 2019 жылдан бері екі елдің арасында туристік виза пайда болды. Ол бір жылға беріледі. Осылайша, Сауд Арабиясына барған адам үш айға дейін сол жақта қала алады.

Елімізде 6 мыңнан астам туроператор, олардың арасында тәуелсіздік алғаннан бері осы салада келе жатқан сенімділері бар. Бірақ дінді түсінбесе де, ақша үшін адам жинап қажылыққа апаратын кәсіпкер көп. Жауаптан жалтаратын, кез келген адамды апара салатын осы кіші қажылықты салғырт ұйымдастырушылар екен.

– Құлшылықтың қадір-қасиеті кетті. Оның шариғат тұрғысынан қалай атқарылатынын туроператорлардың көбі білмейді. Адамдарды Ұмраға тек турист ретінде апарды. Осы тұрғыдан қажылардың құқығы бұзылып жатыр. Мұны Туризм комитеті Дін істер комитетіне, Дін істері Туризм комитетіне жауып отыр. Ал Діни басқармада мұны реттейтін құзырет жоқ. Осылай жалғаса берсе, бұл мәселе шешілмейді. Сондықтан Мәжіліс қайта жасақталғаннан кейін қажылықты реттейтін арнайы заң қабылдануы керек. Ал біз үлкен қажылықты ұйымдастыратын кезде іріктелген туроператорларға қатаң талаптар қоямыз. Сол кезде заңбұзушылық болмайды, – дейді Діни басқарма өкілі.

Қажылық парызы мойнынан түспейді

Осы тұста біздің аймақтағы ахуалды да бір барлап көрдік. Облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бірінші наиб имамы Жақсыбек Әбенов Сыр елінде де парызын өтегісі келетіндер жеткілікті екенін алға тартты.

– Былтыр Қызылорда облысынан 21 адам үлкен қажылыққа, 104 адам кіші қажылыққа барып келді. Бұл сапарға адал еңбегімен тапқан табысымен баруы шарт. Ал демеушілер өздері ұсыныс айтса болады, әркімнің өзі демеуші іздеуі міндет емес. Демеушілер жібергеннің өзінде де, кейбір кісілер «ата-анамның атынан қажылық жасаңыз» дейді. Оны бәдәл қажылық деп атайды, яғни, өзге адамның орнына қажылық жасау. Бірақ, бәдәлді мойнына алған адам бірінші өзі барып келген болуы шарт. Өзінің міндетін атқармаса, басқа адам үшін қажылық жасай алмайды.

Қажылық – ең бірінші ғибадат. Аллаға деген махаббатымыздың көрінісі. Саяхат жасау не жер көру емес, ең бірінші Алланың үйіне зиярат етіп, мойынымыздағы шариғат амалын орындау.

Қазір көп адам Ұмраға барып келіп жатыр. Оның бағасы сәл арзанырақ. Дегенмен, мұнымен қажылық парызы мойнынан түспейді. Біз тек үлкен қажылықты бақылай аламыз. Ал қалған қажылардың санын, жай-күйін, дайындығын немесе келгеннен кейінгі халін бақылайтын бізде құзірет жоқ, – деді наиб имам Ж.Әбенов.

Білгеніміз, елімізде заң кез келген адамға турфирма ашуға рұқсат берген, яғни, олар әлемнің қай жеріне саяхатқа алып барамын десе де, өз еркі. Ал қажылық – құлшылық. Сондықтан онда алып баратын турфирмаларды таңдағанда өзіңіз қиналып қалмас үшін алдымен зерттеп, танып алу керек. Бұл тұрғыда мемлекет туроператорлардың жұмысын қадағалауды қолға алмаса, алданғандардың саны да арта береді. Бұл – бір. Екіншіден, қажылықтың қадірін түсірмейтін, адамдар барса, жоғарыда айтқан қазақтың ғазиз қажыларының қатары көбейер еді.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<