Қазақ – қашанда әулие-әмбиелердің, бабалардың рухын ардақ тұтқан халық. «Бабалар рухына бас игеннің ісі оң болар, жұмысы жөн болар, оған жұрттың ықыласы ауып, Алла жолын оңғарар» деген екен өз заманындағы Сыр бойының білімдары Әлшіораз ахун.
Облыс әкімінің қолдауымен, облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Сыр бойындағы Оқшы ата, Төлегетай ата, Хорасан баба кесенелеріне зиярат етуге және Сығанақ қалашығына 30-дан аса еңбек ардагері сапарлап барып қайтты. Зиярат етушілерді облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Өмірбек Шәменов бастап барды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сапар барысын түсіндіріп, ақжол тілеп шығарып салды. Бағытымыз жайлы және әулиелердің өмірі туралы кітапхана саласының еңбек ардагері, бүгінде Қорқыт ата атындағы университетінің дәріскері Шамшахар Қанқожаева қысқаша баяндады.
Қаладан шығып үлкен жолға түскен автобустың тынысы ашылып алға арқырай жөңкіді. Әулиелер жайында қызықты әңгімелер өрбіп, Оқшы ата кесенесіне қалай жеткенімізді байқамай да қалдық. Жүргізуші азамат: «Оу, көкелер-ау, ағайындар-ау, Оқша атаға келдік» дегенде барып, жұрттың қызу талқысы мен таласы кілт үзілді.
Автобустан түскен ардагерлер алдымен Есабыз баба мешітінің ішіне кіріп, жеті әулиеге дұға етті. Мешіт имамы зиярат етушілермен емен-жарқын сөйлесіп, ел-жұрттың амандығын тілеп, сапарымыздың сәтті өтуіне тілек білдірді. Оқша ата кешені маңындағы жеті әулие кесенесін аралату үшін отыз жылдан бері шырақшы қызметін атқарып жүрген Әбдіназар Қайыпназарұлын жанымызға қосып берді. Ол бабалар жайлы, әулиелер хақында сыр шертті.
Алдымен ардагерлер Асанқайғы мазарына тәу етіп, Құран бағыштады. Бұл маңда Қыш ата, Оқшы ата, Ғайып ата, Есабыз бабамен қатар Бала би, Досбол датқа сияқты дара тұлғалардың кесенесі орын тепкен. Оқшы ата мазаратын халық «Жеті әулие» деп те атайды екен. Атамыздың азан шақырып қойған ныспысы Көгентүп делінсе, кейбір деректерде Ибраһим делінеді. Ал Оқшы ата халық берген есім екен.
Облыстық телерадиокомпанияда қызмет жасап жүрген кезімде «Алмалы» ауылдық округінің әкімі, елге белгілі ақын, марқұм Дәулетбек Байдрахманов ағамызбен жиі кездесіп тұрдық. Сондай кездесулерде шежіреден сыр шертіп, тарихты қаузайтын. Бірде: «оны халық «Оқшы ата» деп атап кеткені жөнінде білесің бе?» деді. Сосын «Негізінде ауылдағы үлкен кісілердің айтуынан естігенім, Оқшы атамыздың шын есімі Көгентүп екен. Бабамыздың атын ұрпақты, дәулетті, сәулетті, түпті, майлы-сайлы, терең ойлы болсын деп қойса керек. Мен негізінде қазақ тілі маманымын ғой. Көгентүп мағынасы осыған саяды. Көген қазығынан оңайлықпен жұлынбайды әрі шешілмейді. Оқшы ата – бір кіндіктен жалғыз болған жан. Қазақта бата бергенде де «көгенкөз ұрпағың көп болсын» деген. Ол кісінің есімін осылай ырымдап қойған деп ойлаймын. Ал Ибраһим деген қосалқы есім болса керек» дегені бар.
Оқшы атадан шыққан автобус Жаңақорғандағы Хорасан ата мазаратына бет алды. Ғылым мен білімді меңгергені соншалықты біз бет алып бара жатқан Хорасан ата (Әбдіжалил баб) кезінде шешек ауруына қарсы ем тапқан. Терең ілімінің арқасында әулие атанған, барша халық оны қадір тұтқан.
Хорасан ата исламның қайнарына қанып өсіп, ғылымына бой ұрған. Пайғамбарымыз бір хадис шәріпінде «Құран оқу – көңілдің шипасы» деген екен. Сонда Құран рухани жан дүниеңізге нұр беретін, жарық беретін, күш-қайрат сыйлайтын шипа көзі екенін меңзесе керек. Міне, осыны терең түсінген бабаларымыз адамды дәрі-дәрмексіз емдеуге болатынын білген.
Жалпы VІІ ғасырда әлемді дүр сілкіндірген ислам тек ғана дінді емес, ғылым мен білімді ала келді. Сөйтіп, қасиетті Құранның аяттары адам баласының кеудесіне өзінің жарық сәулесінің нұрын себе бастады. Құранды жұрт жүрегіне жеткізу жолында өркениетке ұмтылған ұлы тұлғаларды, данышпандарды өмірге әкелді. Міне, осы тұста бізге де келіп жеткен ислам өркениетіне бабаларымыз аса зеректікпен ой сала қарап, имандылық иірімдері мен ғылым, білім жауһарларына құныға беріліп, әділдіктің ақ жолын ту етіп, адамгершілік пен гуманизм жолдарын шын жүрекпен қабылдай бастады. Оны байытуға, дамытуға даналарымыз өз үлесін қосты. Осы ретте Сыр бойындағы ислам орталығына айналған Сығанақ, Жент, Баршынкент, Аркөк, Өзгент, Сайрам (Исфиджаб), Шортөбе, Түркістан, ежелгі Тараз шаһарлары осы сөздеріміздің айғағы болса керек. Сөйтіп, ілім мен білім жолында небір ғұламаларды уақыт тудыра бастады. Осылай ислам өркениеті біздің сайын даламызда кең қанат жая бастағаны белгілі. 31 жасында Отырарда имамдық еткен, Шам, Бағдад, Мысыр еліне барып ислам діні мен ғылым-ілімін зерттеп, сан алуан еңбек жазған, Каир медресесіне жетекшілік жасаған Қауам ад-Дин әл Итқани әл Фарабиді неге айтып, мақтаныш етпеске? Сондай-ақ Каирдегі Бейбарыс медресесіне басшылық еткен ежелгі тараздық Һибатулла ат Тарази ат Түркістанидің ілімдегі жолдарын неге тілге тиек етпеске?
Қызу әңгіме мен зерделі ой үстінде отырған ардагерлер мінген автобус шаршатпай Хорасан ата кешеніне алып келді. «Хорасан ата» қоғамдық қорының президенті Асылбек Айтжанов, Хорасан ата ұрпағы Мұхтар Бұрханов және кешен жанашыры Изатулла Төлегенов жылы шыраймен сәлемдесе күтіп алды. Алыстан сапарлап келген ардагерлерді түстендіріп мазаратқа Асылбек ініміздің өзі бастап барды.
Біз барғанда кешен айналысындағы жолдарға заманауи үлгіде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын көріп, көңіліміз өсіп сала берді. Жол жөндеушілер қызу тірлік үстінде. Жиектастарды да жаңалап жатыр. Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Хорасан ата кешені маңына күрделі жұмыстар жүргізілетінін және келуші, көруші, зерттеушілерге барынша жағдай жасалатынын айтқан.
Қор президентінің айтуынша, Хорасан ата кешеніне жақын 7 шақырым жерде «Қазатомпромға» қарасты кен орнында екі мекеме жұмыс істейді. Соның бірі «Байкен U» кешен басындағы үйлер мен қонақжайды жарықпен, жылумен тегін қамтамасыз етіп отыр.
– Бұл жердегі үй-жайлардың бәрі заманауи талапқа сай, келуші жандарға қызмет көрсетеді. Жылына кешенге 10 мыңнан аса адам келіп-кетеді. Атап айтқанда, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді басқа да шет елдерден де келеді, – деді Алмасбек Досқожаұлы.
Қор перзиденті Әбдіжалилұлы Үсейіннің осы жерге Меккедегі Қағбаның көшірмесін әкелуі жайлы сырды ұштықтата айтып, Мұхтар ағаға қарады. Бұл жайды ол кісі қызықты етіп жеткізді:
– Хорасан ата таң намазын оқып болысымен денесі қалып, рухы жоқ болады екен. Оны күндердің күнінде баласы сезеді. «Әке, мен сезем, намазды оқып болысымен рухыңыз денеңізде жоқ болады» дегенде, Хорасан ата: «Балам, сен сұрадың мен айтайын онда. Мен намаз оқып болысымен рухым Меккеге барып, Қағбаны тәу етіп келемін» деген екен. Сонда баласы: «Мен онда, сол Қағбаны осында көшіріп әкелсем қалай болады?» деп, қайта-қайта айтып қоймапты. Баласының ілімін сынамақ болып бір күні келісімін береді. Әкесінің ақ батасын алған бала Меккеге жол жүріп кетеді. Меккеге барғанда Қағба жоғары көтеріліп оның көлеңкесі жерге түседі. Оны ешкім баспасын деп ағашпен сызып алады да, көшірмесін, яғни көлеңкесін әкеліп қояды. Біз кесене ішіне еніп кесек қабырғаны көрдік.
Бұдан соң Асылбек Досқожаұлы тағы бірі қызықты жайттың шетін шығарды. «Осы жердегі кесененің шырақшысы Мейрамбектің әкесі Нұрқожа деген шырақшы болған. Әкесінің әкесі Әбітай атамыз да осы жерде шырақшы болған. Бұл – шырақшылық ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан үлкен әулет. Нұрқожа көкеміз Қағбаның көлеңкесі маңынан құдық қазып көреді. Су шыққанмен тұзды болып, пайдалануға жарамайды. Бір күні әбден шаршап келіп, ұйықтап кетсе керек. Түсінде басында ақ сәлдесі бар бір кісі аян беріпті. «Әй, балам, анау Қағбаның қасында бір топ ақ шеңгел бар. Сол жерден құдық қазсаң ел пайдаланатын тұщы су шығады, тұр орныңнан» депті. Барып қараса, осы құдық тұрған жерде ақ шеңгел бар екен. Кейіннен Меккедегі Қағба мен жанындағы құдықтың ара қашықтығы мен осы Қағбаның көлеңкесі мен құдық арасын салыстырып қараса, екеуі бірдей болып шығады.
Енді бұл құдық суының құпиясын айтайын. Бір шелек су алып құйынсаңыздар, түрлі жараға ем. Ана жерде арнайы шомылатын кабина тұр. Бұл судың қасиеті мен кереметін ел-халыққа айта жүріңіздер, – деді ол.
Осы жерде облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Өмірбек Шәменов қор президенті мен елге жанашырлықпен қызмет жасап жүрген азаматтарға, зиярат етуші ардагерлерге алғысын білдірді.
– Бүгін жанымыз жақсы сөздерден нәр алып, әулиелер басына келіп зиярат етіп, Құран бағыштап бойымыз сергіп, жеңілдеп қалдық. «Құран оқылған жерде Алла тағаланың шексіз мейірімі, рахымы жауады» деген хадис шәріптерде. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде теріс қылық көбейді. Осының бәрі Құранның аз оқылуынан да шығар.
– Жақсы сөзді жаттасаң,
Хат болары ақиқат.
Ағайында мақтасаң,
Жақ болары ақиқат.
Жақсы тайды баптасаң,
Ат болары ақиқат.
Әулиені аттасаң,
Жоқ боларың ақиқат.
Үлкендерден бата алсаң,
Бақ қонары ақиқат, – деген екен біздің данагөй бабаларымыз. Осы сапарға бізге қолдау танытқан ел азаматтарына және күтіп алып қызмет жасаған сіздерге мың рахмет! – деді төраға орынбасары.
Хорасан ата кесенесінен шығысымен Төлегетай ата мен Қылышты атаның басына барып, дұға жасалды. Күн еңкейе Сығанақ қалашығына ат басын тіредік. Сунақ ата ауылының солтүстік батысынан орын тепкен қалашық орны бір кездері Қыпшақ хандығының, Ақ орданың астанасы болғанын тарихтан жақсы білеміз. Қазақ хандығы құрылғанда Түркістанмен қатар, Сығанақ қазақ жерін басқару орталығының біріне айналған. Сунақ ата мазаратына барып, Құран бағышталды. Осы соңғы межелі жерден шыққан біз Қызылордаға қарай бет бұрдық. Осылай сапарымыз сәтті аяқталып, әулиелерге зиярат еткен ардагерлер көтеріңкі көңіл-күйде қалаға жетті.
Кенжалы Ерімбетов.
Шиелі–Жаңақорған–Қызылорда
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<