Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Алдымызда тұрған ең басты мәселе – халқымыздың татулығы

531

0

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Мемлекет басшысын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қорқыт ата» әуежайынан күтіп алды.

«Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа сапары Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігімен танысудан басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Алдымызда тұрған ең басты мәселе – халқымыздың татулығы

Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» толық серіктестігінің негізін қалаушы Абзал Ералиев Президентке кәсіпорынның табысты қызмет етіп, өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші мекемеге айналғанын жеткізді. Сонымен қатар өнімді еңбектің арқасында туған өлкенің дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.

Президент «Абзал және К» шаруашылығының демеушілігімен салынған ауылдың орталық алаңын, спорт кешенін аралап көрді. Спорт кешенінде жергілікті халық футбол, волейбол, үстел теннисі және күрес түрлерімен емін-еркін шұғылдана алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Алдымызда тұрған ең басты мәселе – халқымыздың татулығы

Мемлекет басшысы спорт кешенінде жеткіншектермен әңгімелесті.

– Спортпен шұғылдану керек. Әсіресе, өздеріңіз сияқты жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі қажет. Себебі Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады. Сыр елінен мықты спортшылар шыққан. Әлі де көптеген чемпиондар шығады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Алдымызда тұрған ең басты мәселе – халқымыздың татулығы

Содан кейін Президент былтыр ғана бой көтерген «Еңбек аллеясында» еңбек адамдарымен жүздесіп, Қызылорда облысының дамуына баса мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ күрделі геосаяси ахуал кезеңінде Қазақстанның өркендеуі жолында елімізді бірлік танытып, еңбек етуге шақырды.

– Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер осы ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Диқандар ауыл шаруашылығының дамуына айрықша мән беріп, мемлекет тарапынан қолдау шараларын көбейткені үшін Президентке алғыс айтты. Әсіресе, Су ресурстары министрлігін құру жөніндегі жаңалықты Сыр бойының диқандары қуана қабылдағанын жеткізді. Сонымен қатар олар ауылда жастарға жайлы жағдай жасалғанына, жас мамандардың ел ішінде қызу еңбек етіп жатқанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарымыздың еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болуы керек екенін және оларға әрқашан қолдау көрсетілетінін атап өтті.

– Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Маңызды жобалар таныстырылды

Мемлекет басшысы Қызылорда облысындағы маңызды нысандардың жобасымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Алдымызда тұрған ең басты мәселе – халқымыздың татулығы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жөнінде баяндалды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа терминал жеке демеушінің қаражатына салынып, кейін мемлекет меншігіне өткізілетінін айтты. Жоба құны – 20 миллиард теңге. Оның ішінде 15,7 миллиард теңге – демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Халықаралық стандартқа сай болатын әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалады. Жаңа терминал келесі жылы пайдалануға беріледі. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін жолаушылар тасымалы бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Сондай-ақ түрлі бағыттарға ұшатын әуе рейстерінің саны артады.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Қызылорда қаласында заманауи үлгіде салынып жатқан автобекеттің биыл жыл соңында іске қосылатынын және қаланың теміржол вокзалына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Мемлекет басшысына «Қызылорда-Жезқазған» автожолын салу барысы туралы мәлімет берілді. Бүгінде Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы жасалды.

Сонымен қатар Президентке «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын (566 км) І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланып отырғаны туралы мәлімет берілді.

Осы ретте аталған бағыттағы жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталады.

Мемлекет басшысы қазіргі жол, шын мәнінде, өте тар екенін атап өтіп, оны кеңейту жұмыстарын тезірек бастау қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте Президент Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға мәселені бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.

Сонымен қатар Президентке Қызылорда қаласының жаңа жылу-электр орталығының жобасы таныстырылды.

Былтыр Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісім-шартқа қол қойды. Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан жаңа ЖЭО 240 МВт электр қуатын және сағатына 277 жылу қуатын өндіре алады. Жобаның болжамды құны – 215 миллиард теңге.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Алдымызда тұрған ең басты мәселе – халқымыздың татулығы

Облыс әкімінің айтуынша, қазір құрылысқа дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін ЖЭО қаланың жылу және электр қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артылған электр энергиясын басқа өңірлерге сатуға мүмкіндік береді.

Қазіргі қолданыстағы жылу-электр орталығы 1964 жылы салынған. Бірнеше рет күрделі жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, стратегиялық нысанның негізгі және қосалқы қондырғыларының тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Сондай-ақ қаладағы ұзындығы 207,7 шақырым болатын жылу желісінің жартысына жуығы жаңартуды қажет етеді.

Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту тұрғысынан бұл жобаның маңызды екенін атап өтіп, Үкімет пен облыс әкімдігіне жылу-электр орталығын белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

Бұған қоса, Президентке Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай космодром қалашығындағы ахуал туралы баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін Ресей тарапымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет екеніне назар аударды.

Құрылыс индустриясындағы қарқын

Президент өңірдің құрылыс индустриясын дамытуда маңызды рөл атқаратын Темірбетон бұйымдары зауытының жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Алдымызда тұрған ең басты мәселе – халқымыздың татулығы

«Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС биыл іске қосқан жобаның жалпы құны – 2,6 миллиард теңге. Оның 370 миллион теңгесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаржыландырылған. Комбинат күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіреді. Өндіріске қажетті шикізаттар жергілікті жерден алынады. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысына аймақтағы кәсіпорындардан шығатын басқа да өнім түрлері таныстырылды. Олардың басым бөлігі – құрылыс саласы үшін аса қажетті материалдар. Атап айтқанда, табақша шыны («OrdaGlass» ЖШС), ПВХ-құбырлары мен фитингтер («КНК Кемикал» ЖШС), каскалар («NP-Consalting» ЖШС), плитка желімдері мен сәндік сылақтар («Вега-Пром» ЖШС), жол және тротуар бордюрлерін, құм-керамзит блоктарын («Садуакасов Ж.А» ЖК), қиыршық тастың әртүрлі фракцияларын («Shalkiya Dolomite Operating» ЖШС), терезелер мен айналар («Комфорт KZ» ЖШС), әк («Орда строй маркет» ЖШС), кірпіш өнімдерін («Мелиоратор» ЖШС) және тағы да басқа бұйымдарды шығарады. Сондай-ақ көрмеге «Dalatex» компаниясының текстиль бұйымдары, «Өркен Әлем» ЖШС шығаратын жеке қорғаныс құралдары қойылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Алдымызда тұрған ең басты мәселе – халқымыздың татулығы

Президент кәсіпкерлермен әңгімелесу барысында шағын және орта бизнесті өркендету үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

Өңірдегі өсімнің негізгі көрсеткіштері

Өндіріс орнында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысына Қызылорда өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жөнінде баяндады.

Аймақ басшысының айтуынша, Қызылорда облысының жалпы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім байқалады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 115,8 пайызға (227 млрд теңге), ауыл шаруашылығы 101,6 пайызға (157 млрд теңге), құрылыс 126,4 пайызға (117 млрд теңге), тұрғын үйлер салу 118,9 пайызға (618 мың ш.м), сауда-саттық 104,1 пайызға (531 млрд теңге) артқан. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемін биыл 472 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі жеке инвестицияларға тиесілі.

Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жыл ішінде 21 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі кезде Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың, емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, Қан орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 медициналық-амбулаториялық нысан салынуда.

Бұған қоса, өңірде бірқатар спорт және әлеуметтік-мәдени нысан бой көтереді. Атап айтқанда, жуырда 7 мың орындық Орталық стадионның, жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Аудандарда шағын 11 денешынықтыру кешенін салу үшін жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңге бөлінген. Облыс орталығында салынып жатқан Өнер орталығы жыл аяғына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі.

Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің тыныс-тіршілігін түлетуге жергілікті кәсіпкерлер де елеулі үлес қосып жатқанын айтты. Әлеуметтік нысандар салу, демалыс саябақтарын, ойын-спорт алаңдарын, үйлердің қасбеттерін жаңарту, аулаларды абаттандыру жұмыстары демеушілердің көмегімен жүзеге асырылып келеді.

Диқандар еңбегіне табыс тіледі

Мемлекет басшысы Сыр өңіріне жұмыс сапары аясында осы өлкенің брендіне айналған  күріш өндірісімен танысу үшін «Алтын орда»  зауытына барды.

Кәсіпорын директоры Сағидулла Сыздықовтың айтуынша, зауыт жылына 30 мың тонна ақталған күріш өндіреді. Өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа, сонымен қатар көршілес елдерге өткізіледі.

Президентке Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері  таныстырылды. Көрмеге күріш өсірумен айналысатын ірі кәсіпорындардың тауар түрлері, сондай-ақ ет, сүт, кондитер және балық өнімдері, көкөністер мен жемістер қойылған.

Мемлекет басшысы Сыр бойы диқандары мен шаруаларының еңбегіне табыс тіледі. Сондай-ақ тек күріш өсірумен шектелмей, агроөнеркәсіп саласын әртараптандыру,  әсіресе, суды аз қажет ететін дақылдарды өсіру маңызды екеніне назар аударды.

Дегенмен Президент экспорттық әлеуеті жоғары дәстүрлі күріш шаруашылығын одан әрі  жетілдіруге де баса мән беру қажеттігін атап өтті.

Бұл ретте  Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты украиналық мамандарымен бірлесіп, күріштің басқа да сорттарын жерсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев осы  өндірістік кешен аумағында былтыр іске қосылған «Ассоль» тұз өндіру зауытын да аралап көрді. Аралдың тұзын кәдеге жаратып, ас тұзын шығаратын кәсіпорында 130 адам жұмыспен қамтылған. Өнім көршілес Ресеймен қатар, Латвия, Литва, Эстония, Беларусь мемлекеттеріне экспортталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Алдымызда тұрған ең басты мәселе – халқымыздың татулығы

«Анаға тағзым» тәрбие мектебіне айналады

Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында жақында бой көтерген «Анаға тағзым» орталығын аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Алдымызда тұрған ең басты мәселе – халқымыздың татулығы

Аталған орталық биыл демеушілердің қолдауымен салынған. Жалпы құны – 1 миллиард 700 миллион теңге.

Жобаның мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұрпаққа мирас етіп қалдыру, дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, әйелдер еңбегін дәріптеу. Сонымен қатар қыз-келіншектер мен аналарды өмірге, тұрмысқа бейімдеу жұмысымен де айналысады.

Президент орталықта қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесін және «Қазақ елінің ұлы аналары» картинасын тамашалады. Содан кейін «Анаға тағзым» орталығындағы «Ұлт жақұты» музей залымен, «Мирас» әжелер клубымен, «Жас отау» мектебімен, «Шамшырақ» фото-видео студиясымен, психолог-медиатор кабинетімен танысты.

Мемлекет басшысы мұндай орталық жастарға тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқаратынын айтты.

– Расында, бұл жұмыс өте маңызды. Жастарымыздың арасында ұлттық салт-дәстүрімізді, болмысымызды, тілімізді, ділімізді насихаттауымыз керек. Әйтпесе, дүниежүзінде болып жатқан теріс үрдістерді бәріміз көріп отырмыз. Ондай жағымсыз үрдістер елімізде де бар. Біз олармен күресіп, өзіміздің ұлттық көзқарасымызды дәріптеуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Алдымызда тұрған ең басты мәселе – халқымыздың татулығы

akorda.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<