Ата Заң бойынша Қазақстанда қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялау кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие екенін, заңнамаға сәйкес оның қолданылуына кедергі жасауға болмайтынын атап өтті.
«Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан еш ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі БҰҰ-дағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымыз қажет. Еліміз өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуі керек. Қазақстан халқы Асссамблеясының бұл саладағы рөлі айрықша. Біз Отанымыз және барлық азаматымыз үшін жауапкершілікті сезінуіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<