Қатарға және елу автобус қосылды

431

0

Облыстың 85, Қызылорда қаласының 205 жылдығы аясында игілікті істер қатары күн санап толысып отыр. Соның бірі кеше қалада қоғамдық көліктердің қатарына тағы да жаңа автобустар қосылды. Бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам және бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Тұрғындарды айтулы сәтте құттықтаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осылай деді.

– Президентіміз «Стратегиялық бағдарламаларды сапалы жүзеге асырудың негізгі міндеті – халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттырғанда ғана орындалады» деген болатын. Қазір демографиялық ахуал жақсарып, қала аумағы кеңейді. Халық санының өсуі қоғамдық көлікке деген сұранысты жыл сайын арттыруда. Былтыр жергілікті бюджеттен бөлінген 1,4 млрд теңгеге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы  150 заманауи жаңа автобус алынды. Биыл шаһардағы қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін қосымша 150 автобус алуға 1,6 млрд теңге бөлінді. Бүгін 50 автобусты табыстаймыз. Қалғаны жыл соңына дейін қызметін бастайды. Мемлекет халық алдындағы міндетін орындауда. Ендігі жерде «Қызылорда автобус паркі» ұжымы мен қала тұрғындары да жаңа көліктерге жанашырлықпен қарайды деп сенемін. Осы жерде, уақытпен санаспай халыққа қызмет көрсететін қоғамдық көлік жүргізушілеріне алғысымды білдіремін. Сіздерге артылар сенім, жауапкершілік жүгі ауыр. Халық алдындағы міндеттеріңізді абыройлы алып жүргейсіздер, – деді аймақ басшысы.

Жаңа автобустар жолаушыларды тасымалдау қызметінің техникалық, сапалық деңгейін халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкестендіру үшін жан-жақты тексеруден өткізілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған. Салқындатқыш және бейнебақылау құрылғысы бар. Сондай-ақ ересектер мен оқушылар үшін QR-кітап оқу мүмкіндігі қарастырылған. Ал автобустардың келуін «2ГИС» және «ЯНДЕКС GO» ұялы қосымшалары арқылы бақылауға болады.

– Облыс әкімінің қолдауымен қалаішілік бағыттар халыққа қолайлы қоғамдық көліктермен толығуда. Былтыр серіктестік 5 бағыт бойынша қызмет көрсеткен. Бүгінде олардың қатары 19-ға көбейді.  Кейінгі үлгідегі бұл автобустар халық сұранысына сай бірнеше бағытқа қосылатын болады. Оның ішінде қалаішілік 34 бағыт та толықтай үлкен сыйымдылықтағы автобуспен қамтылмақ, – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Мақсат Жүсіп.

Айта кетейік, өңірде жеке демеуші есебінен «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы, Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынуда, теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтуде.

Президент қолдауымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығы 4 жолақты жолға ауысады. 

Сыр өңірі үшін маңызды жобалардың бірі – «Қызылорда-Жезқазған» автожолының Қызылорда облысына тиесілі 216 шақырымының  104 шақырымы аяқталуға жақын.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<