Қатерлі ісікке қарсы күрес күні: Еліміздегі маңызды нысандар көк түспен жарықтандырылады

575

0

Бүгін Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. Осыған орай Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы маңызды нысандар көк түспен жарықтандырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі одақ» (UICC) жариялаған. Бұл күннің мақсаты – обырдың қазіргі замандағы ең қауіпті аурулардың бірі екендігі туралы жұртшылықты хабардар ету, осы кеселдің алдын алуға, анықтауға және емдеуге назар аудару.

Бүгін Елордада «Бәйтерек» монументі мен «Хан Шатыр» СОО, Алматыда – «Халық Арена» спорт және мәдениет сарайы, «Алматы Арена» мұз сарайы, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Renion Park қонақ үйі мен MEGA Alma-Ata СОО-дағы Happy Eye шолу дөңгелегі көк түсті шамдарын жағады.

Акцияның бастамашылары Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазОРҒЗИ), «Қатерлі ісікпен күресейік» қоғамдық қоры және Takeda биофармацевтикалық компаниясы қоғамның назарын осы жаһандық проблемаға аудару және халықты кеселді ерте анықтауға және емделуге шақыру, бүгінгі өркениеттің ең ауыр дерттерінің бірі ретінде жұртшылықтың қатерлі ісік туралы хабардарлығын арттыру мақсатында іс-шараны жүзеге асырды.

«Бүгінгі онкология алға қарай қадам басты. Қазіргі таңда 10-15 жыл бұрын емдеу мүмкін болмаған кеселдерге ем бар. Онкологиялық ауруларды емдеудегі әлемдегі алдыңғы қатарлы әдістемелер игерілді және олар Қазақстанда белсенді қолданылады. Осының барлығы тегін емделуге мұқтаж әрбір азаматқа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қолжетімді. Алайда, ұзақ уақыт емделуден арылуға және тіпті өмірді сақтап қалуға мүмкіндік беретін ең маңызды фактор – тұрақты онкоскрининг пен аурудың ерте кезеңдерінде азаматтардың жүгінуі, – дейді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасы Диляра Қайдарова.

Қазақстанда қатерлі ісіктің ең көп тараған түрлері: сүт безі обыры, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны обыры және колоректалды обыр.

Қазақстанда жатыр мойны обырын, сүт безі қатерлі ісігін және тік ішектің қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша ұлттық скринингтік бағдарламалар жүргізіледі. Қазақстан азаматтарына онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне (ГОБМП) кіреді және мемлекеттік бюджеттен толығымен қамтылған.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жетекші онкологиялық қауымдастықтардың халықаралық хаттамаларына сәйкес келетін онкологиялық ауруларды емдеудің қазіргі заманғы түрлері жүргізілуде. Таргетті терапия, иммунотерапия және гендік инженерия әдістері белсенді қолданылады. Барлық химиотерапиялық және таргеттік препараттар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қамтамасыз етіледі. 2010 жылдан бастап сүйек кемігін трансплантациялау жүргізілуде. 2012 жылы Қазақстанда онкопсихологтардың жеке кәсіби қызметі пайда болды.

Жыл сайын Қазақстанда қатерлі ісік ауруының 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Онкологиялық есепте 180 мыңнан астам қазақстандық тұр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<