Қауіпсіздік бәрінен маңызды!

195

0

«QazaqGazAimaq» АҚ ауа райының өзгеруіне және жылу маусымының басталуына байланысты газдан улану қаупі артқанын ескертеді.

Өкінішке қарай, статистикаға қарасақ, табиғи газды тұтынушылар бұл ескертулерге немқұрайлы қарайтыны байқалады.

Қайғылы жағдайлар негізінен газ жабдықтарын пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан болады. Оған себеп – зардап шеккендердің жылыту құралдарын пайдалануға немқұрайлы қарауы, оларды өз бетінше қосуы, құрастыруы немесе орнын ауыстыруы, қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдалануы, тамақ дайындауға арналған газ жабдығымен үй-жайларды жылытуы, техникалық қызмет көрсету талаптарын, мұржаның түтін тартуын тексермеуі.

Желдетумен жеткілікті қамтамасыз етілмеген үй-жайда терезелер, желдету арналары жабық болса, кірпіш, сылақ тығыздығы бұзылған кезде газ аспаптарының түтіні сыртқа шықпай, улы газ жиналады. Улы газдың өте аз мөлшерінің өзі қанмен тез араласады, адам тез уланады. Бөлмеде 0,5% улы газ жиналғанның өзінде 20 минуттан кейін адамның жүрегі тоқтайтындай уландырады!

Сондықтан мұржа мен желдету арналарының дұрыс жұмыс істеуі – сіздің қауіпсіздігіңіз бен денсаулығыңыздың кепілі. Өйткені газдан уланудың ең көп оқиғасы мұржаның тұтастығы бұзылғандықтан немесе түтіннің тартпауынан туындайды.

Есіңізде болсын! Жұмыс істеп тұрған газ аспаптарын қауіпсіз пайдалануға және желдету арналары мен түтін мұржаларының жарамды жай-күйіне үй иелері жауапты!

Бірақ, өкінішке қарай, үй иелері мұржаларды үнемі тазалап, тексеріп тұруға салғырт қарайды.

Мұржаның тұтастығын, оның бітелмеуін және түтіннің тартуын үнемі тексеріп отыру қажет. Қыс мезгілінде далада тұрған мұржаға мұз қатуы мүмкін, сондықтан оның бітелмеуін үнемі тексеріп, мұржа қақпағын ашып, тазарту керек.

Газ тұтыну жабдығын пайдалану кезінде улы газ тарағанда газ беруді өшіру автоматикасы бар дабылқаққыш сигнализаторларды орнатқаныңыз жөн.

Есіңізде болсын! Газ – оны дұрыс пайдаланбаған кезде қауіпті! Қарапайым ережелерді сақтау – сіздің және сіздің отбасыңыздың амандығының кепілі!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<