Жылу беру маусымы кезінде тұрмыста табиғи газды қауіпсіз дұрыс пайдалану аса маңызды. Әсіресе, газ жабдықтарының техникалық жағдайын тексеріп, сақтық шараларын қатаң ұстанған абзал. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков өрт қауіпсіздігі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
– Жылу беру маусымында өрттің алдын алу және қауіп-қатерді азайту мақсатында аптаның әр сенбі күні біздің департамент пен полиция қызметкерлері және волонтерлер бірлесіп облыс көлемінде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Мәселен, биыл жеке сектордағы 41827 тұрғын үйді аралап, тұрғындармен 191 кездесу өткіздік. Онда электр және газ жабдықтарын орнату мен пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Айта кетейік, өрт оқиғаларының көпшілігі тұрғындардың қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен және балаларды қараусыз қалдыруынан болып жатыр.
Сондай-ақ біз аймақтағы әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету шараларын да жүзеге асырып жатырмыз. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алған тізімге сәйкес, тұрмысы төмен, көпбалалы, жалғызбасты аналар мен мүгедектігі бар адамдар тұратын 5463 отбасы тізімі нақтыланды. Жылыту жүйесіне табиғи газ қосылған үйлерге орнату үшін 484 дана датчик сатып алынды. Жергілікті бюджет есебінен алынған 160 көмірқышқыл газын анықтайтын датчик әлеуметтік осал отбасыларға орнатылды. Айта кету керек, 19 қараша мен 19 желтоқсан аралығында әр аптаның сәрсенбі, жұма және сенбі күндері мүдделі мемлекеттік органдар мен түрлі қоғамдық бірлестіктер өкілдерін тарта отырып, ауқымды профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады, – деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 361 өрт оқиғасы тіркелген. Айтып келмейтін апаттың зардабы да үлкен. Материалдық шығын 254 млн 153 мың теңгені құрапты. Өрттің салдарынан 7 адам қаза болып 11 адам түрлі дене жарақатын алған.
Мамандар осындай жауапты кезеңде өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстары жалғаса беретінін айтып отыр.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<