Ерте көктемнен бастап барлық диқан жер жыртып түрлі көкөніс, жеміс дақылдарын егу жұмыстарын жүргізеді. Оның ішінде дәрумендерге бай, сұранысы жоғары қауын егістіктерінің көлемі ауқымды. Алайда, қауынды жеуге жарамсыз етіп зақымдайтын қауын шыбыны диқандардың еңбегін зая кетіруі мүмкін.
Қауын шыбыны – өте қауіпті карантиндік зиянкес. Оны сарғыш-қызыл түсінен, металл қызыл не жасыл көздерінен, ақ жотасында қара дақтардан тануға болады. Шыбынның жаппай ұшып шығуы қауынның гүлдеу кезеңі мен алғашқы түйін салу кезеңіне дәл келеді. Зиянкестен зақымданған қауынның сыртында тесіктер пайда болады. Осы тесіктер арқылы жемістің ішіне енген микроорганизмдерден жеміс шіри бастайды. Ол қауын жапырақтарынан таңертеңгі мезгілде байқалады.
Карантиндік зиянкеспен зақымданған қауын дақылын химиялық және агротехникалық күрес шаралары арқылы таралуының алдын алып, зиянкесті жоюға болады.
Химиялық залалсыздандыру – қауын тұқымдарын дәрілегіш препараттармен, зиянкеске қарсы қауынның жапырақтары пайда болғаннан бастап гүлдегенге дейінгі өңдеу шаралары болса, агротехникалық шараларға құрттардың топыраққа түспеуі үшін зақымданған қауын қалдықтарын 1,0-0,80 метр тереңдікте жерді қазып көміп тастап, егістік жерді терең етіп жырту немесе суға бастырып қою шаралары жатады. Сонымен қатар, карантиндік зиянкестің таралуын келер жылы болдырмау үшін ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтап, 3-4 жыл бұрынғы қауын тұқымын пайдаланбауға кеңес беріледі.
Биыл Қызылорда қаласындағы шаруа қожалықтары 17 гектар егістікке қауын шыбынына қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының бірінші кезеңін республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізді. Қауіпті зиянкесті жою үшін егістіктікке 2-рет химиялық өңдеу шараларын жүргізу тиімді. Сонымен бірге қауын шыбынының алдағы уақытта таралуын болдырмау үшін бірқатар агротехникалық шаралар атқару қажет.
Осыған байланысты, егін егіп, жемісін көрген диқандар жасаған адал еңбектеріңіздің жақсы нәтижесін көру үшін – карантиндік зиянкес қауын шыбынына қарсы қауын дақылын толық жинап болғаннан кейін күзгі агротехникалық (қауын егілген жерді дақыл қалдықтарынан тазалау, жерді суға бастыру, жерді 80 см-1 метр тереңдікте жырту, жаңадан қауын егілетін жерлерді былтырғы қауын шыбыны байқалған жерлерден 20 шақырым кем болмайтын қашықтықта орналастыру) күрес шараларын міндетті түрде жүргізу арқылы ғана карантиндік зиянкестің таралуының алдын алу мүмкін екендігін назарларыңызға жеткіземіз.
Е.ӘБІШЕВА,
ҚР АШМ АӨК МИК-нің Қызылорда қалалық аумақтық инспекциясының
бас маман-өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторы





