Қазалы ауданындағы жұмыс сапарының екінші күнінде Гүлшара Әбдіқалықова Қазалы қаласында жүргізілген абаттандыру жұмыстары барысымен танысты. Ауданның 2020-2021 жылдар аралығындағы құрылыс, жол жөндеу, газдандыру және «Жасыл белдеу» жұмыстарының атқарылу барысын көрді.
Қазалы қаласында «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 8 көшеге абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жарық шамдары орнатылған. Нәтижесінде, жаяу жүргіншілер жолы салынып, 47 адам жұмыспен қамтылды. Бағдарлама аясында 4 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары өтіп, 5 адам жұмысқа орналасқан. Қала орталығындағы Ғ.Мұратбаев атындағы саябаққа да абаттандыру жұмысы жүргізіліп, 9 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туды. Мұнан бөлек Қазалы қаласындағы мәдениет үйі, қалалық емхана, №17 орта мектеп пен «Шағала» БСДО ғимараты ағымдағы жөндеуден өтіп, 24 адам жұмысқа орналасты.
Аймақ басшысы мұнан соң Бекарыстан би ауылына келді. Елді мекендегі «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Ү.Түктібаев көшесіне жүргізілген жол жөндеу, жарықтандыру, жаяу жүргіншілерге арналған жолды назарға алды. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Болат Сәдуовтың үйіне кіріп, жүргізілген су желісін көрді.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Ақсуат елді мекеніндегі жаңадан пайдалануға берілген балабақшаға да барды. «Балауса» балабақшасы 90 орынға лайықталған. Бөбекжайдың құрылысы өткен жылы басталып, ағымдағы жылы толық аяқталды.
Мұнан соң өңір басшысы Ақсуат ауылындағы жаңадан салынған клубтың салтанатты ашу рәсіміне қатысты. 150 орынға арналған мәдени орынның құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталған. Мердігер мекеме «Болашақ» ЖШС қос қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтап, ақсуаттық өнерпаздар мен тұрғындарды толғантқан мәселе шешімін тапты. Облыс әкімі елді мекен халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
- Соңғы уақытта Сыр елінде серпінді жұмыстар атқарылып, көптеген нысан ел игілігіне берілуде. Бұның бәріне біз тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан сіздерді ең алдымен «Тәуелсіздік күні» мерекесімен құттықтаймын. Мерейлі мереке қарсаңында Ақсуат ауылында жаңа ауылдық клуб пайдалануға берілуде. Жаңа нысан ауылдағы мәдени шаралардың ұйытқысы болып, өнерлі жастардың өрісін кеңейтеріне сенеміз. Тұрғындар осында келіп түрлі іс-шараларды тамашалайтын болады. Жаңа ауылдық клубтың ашылуымен тағы да сіздерді құттықтаймын. Ауыл өнерпаздарының еңбегі еселене берсін, – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
Шарада сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Рзахан аймақ басшысына алғысын жеткізіп, жаңа ауылдық клубтың жұмысына сәттілік тіледі.
Аймақ басшысы Қазалы ауданындағы жұмыс сапарын қорытындылап, әрі қарай Сырдария ауданына жалғастырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<