Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы қалыптасқан тенденцияға өткен жылы аудан бюджетінің 18,9 млрд теңгеге жеткені оң ықпалын тигізді. Жыл басынан бері бюджет 7,9 млрд теңгеге артып, 72 пайызға ұлғайған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет мәлім етті.
Қазалыда өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,1 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 24,3 млрд теңгеге жеткен. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласында 5613 кәсіпкер тіркелген. Оның 5446-сы нақты жұмыс жасап тұр. Былтыр жаңадан 30 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 102 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Ауданда мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген кәсіпкерлер жетерлік. Мәселен, 565 жоба қолдау тауып, қаржы ұйымдары тарапынан аудан кәсіпкерлеріне 6,5 млрд теңге несие, грант қаражаты берілді. Нәтижесінде бөлшек сауда айналымы 14,6 млрд теңгеге жетті.
Ауыл шаруашылығы саласында да ілкімді істер атқарылуда. Өткен жылы жалпы өнімнің көлемі 25,7 млрд теңге болды.
– Былтыр аудан диқандары 6200 гектарға күріш егіп, әр гектардан 40,4 центнерден өнім алды. Айта кететін жайт, өткен жылы күріш егісінің көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 250 гектарға кем болды, есесіне суды аз қажет ететін басқа дақылдардың көлемі артты. Мысалы, 81 гектар жаздық бидай, 126 гектар жаңа жоңышқа, 112 гектар ескі жоңышқа егілді. Сондай-ақ күріш, балық, қамыс өнімдері Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Литва, Нидерланды елдеріне экспортталды. Осы жұмыстардың нәтижесінде Қазалы ауданы «Алтын күз – 2024» салтанатты шарасында «Озат аудан» номинациясымен марапатталды, – деді аудан әкімі.
Қазалыда халықты «көгілдір отынмен» қамту мәселесі де шешімін табуда. Өткен жылы газдандыру бойынша 3 жоба жүзеге асты. Атап айтсақ, 2023 жылы газ желісінің құрылысы басталған Абай ауылы қазір газға толық қосылса, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, «Майдакөл», Түктібаев елді мекендерінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
– Биыл газдандыру бойынша бірқатар елді мекенге орамішілік газ құбырын жүргізу жоспарланды. Қазіргі уақытта қаржыландыру көздері қарастырылуда. Жыл соңына дейін халықты газбен қамту көрсеткішін 73 пайызға жеткіземіз.
Сонымен қатар газға қосылған елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарын табиғи газға бейімдеу жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Былтыр 10 әлеуметтік нысан газға қосылды. Сондай-ақ білім басқармасының теңгеріміндегі 14 нысанның бу қазандықтарын бейімдеу үшін аудандық коммуналдық меншікке алынды, – дейді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Құрылыс жұмыстары да қарқын алған. Облыс әкімінің қолдауымен «Руханият орталығының» құрылысы жүруде. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында бой көтеріп жатқан нысан мамыр айында ел игілігіне берілмек.
Өткен жылы 148 пәтер аудан тұрғындарына табысталды. Биыл 200 пәтердің құрылысын бастау жоспарланды. Сондай-ақ «Майдакөл» ауылында 100 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстары басталса, «Кәукейде» жаңа клуб, Әйтеке би кентінде прокуратура ғимараты пайдалануға берілді.
Ең бастысы, 2022 жылдан бері сақалды құрылысқа айналған «Қарлаң» учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жұмысы биыл жалғасады.
Білім, мәдениет, денсаулық, спорт салаларында жұмыстар бар, алға қойған жоспар ауқымды, мақсат-міндеттер де жоғары.
– Биыл да ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту бойынша міндеттер тұр. Оның ішінде салықтық түсім көздерін ұлғайту, инвестиция тарту, кәсіпкерлік пен ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемін арттыру. Бастысы – елдің тыныштығы мен береке-бірлігі. Алдағы уақытта да аудан экономикасының қарқынды дамуына нақты қадамдар жасалып, жұртшылық қолдауымен жүзеге асырамыз, – деді аудан әкімі.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<