Қазалы: Қарқын бәсеңдемеуі тиіс

579

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қазалы ауданының даму жоспарын қарау жөніндегі кеңес өтті. Оған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев,  орынбасарлары және облыстық басқарма басшылары қатысты.

– Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Қазалы ауданының өсу динамикасы тұрақты, – деді облыс әкімі. – Негізгі капиталға салынған инвестициялар 22,5 млрд теңгені құрап, 107,5% болды, бюджет қаражатына тәуелділік төмендеген. Бюджет қаржысы 99,9% игерілген. Қазалы аудандар бөлінісінде 2-орынға тұрақтады. Өз кірісі 2022 жылы 2,1 млрд теңге болса, 2023 жылы 2,6 млрд теңгеге жеткен. Жүйелі жұмыстардың қарқыны биыл да төмендемеуі тиіс.

М.Оразбаев  алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар туралы баяндады. Ауданның 2024 жылғы бюджеті 11,1 млрд теңге, оның 2,6 млрд теңгесі өз кірістері, қалған 8,5 млрд теңгесі – субвенция және трансферттер. Қазалылықтардың өмір сүру сапасын арттырып,  қолайлы орта қалыптастыру үшін биыл 17 нысанның құрылысы жаңадан басталады. Бұл жобаларға 2,3 млрд теңге қаржы бөлінді.

Кеңесте аудан әкімі елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жобаларына тоқталды.

Биыл Қазалы ауданында бұл бағытта 6 жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Абай елді мекеніндегі орамішілік газ желілерінің құрылысына Ұлттық қордан 25,4 млн теңге қаралған. Былтыр құрылысты бастау үшін 41 млн теңге бөлінген. Жалпы құны – 343 млн теңге.

Қазалы ауданының Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, «Майдакөл», Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ құбырын тарту, Қазалы қаласының, «Қожабақы» елді мекенінің электр желілері мен қондырғыларын қайта жаңғырту республикалық, облыстық бюджеттен қаржыландырылды. 

«РЗА» АҚ-ның «Қазалы ауданында 184,29 гектар суармалы жер учаскесін құру» жобасының сыртқы инфрақұрылым объектілерін, яғни сорғы станцияларын салу, жаңбырлатқыштарды электрмен жабдықтау республикалық бюджеттен қолдау тапты.  Әйтеке би кентінің электр желілерін қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен қосымша 32 млн теңге қажет.

Автомобиль жолдары бойынша 5 жоба ұсынылған. Әйтеке би кентіндегі Бегім ана, Сырым батыр көшелерін күрделі жөндеуге, Жанқожа батыр және Әйтеке би көшелерін қайта жаңғыртуға қаржы бөлінді. Мұнан бөлек, Қазалы қаласы көшелерін қайта жаңғырту, «Алға» ауылдық округінің Бейбітшілік және Б.Әбдіразақов көшелерін орташа жөндеу үшін қажетті қаражат қаралған.

Аталған жобалардан бөлек, аудан әкімі бірқатар көшені салу және күрделі жөндеу қажеттігін атап өтті. Оның ішінде аудандық маңызы бар 22 шақырым «Бозкөл-Тасарық» автомобиль жолын орташа жөндеу ұсынысы қолдау тапты. Жобаның болжамды қаржысы – 830 млн теңге.

Қазалыда халыққа қолайлы орта қалыптастыру мақсатында биыл 18 жаңа нысанның құрылысы салынады. Бұл жобалар үшін 2,2 млрд теңге қаржы қаралған.

Аталған жобалардан бөлек, сараптаманың оң қорытындысын алған 5 жобаның құжаты дайын. Олар – Әйтеке би кентіне салынатын тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, атап айтқанда, электрмен жабдықтау, жол салу, Қ.Пірімов ауылының жеке тұрғын үй секторының инженерлік инфрақұрылымы және Ү.Түктібаев ауылын электрмен жабдықтау жобасы.

Кеңесте облыстық басқарма басшылары ауданның даму жоспарына  қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, негізгі экономикалық индикаторларға қол жеткізу, нысандар құрылысын салу, инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыға түсті.

Сондай-ақ басқарма басшыларына «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу және салу, инфрақұрылым желілерін әрі қарай дамыту бойынша міндеттер жүктелді.

Жиын қорытындысымен аудан әкіміне биылға межеленген көрсеткіштерді орындау тапсырылды. Тұрғындардың өтініш-пікірлеріне назар аударып, кері байланыс орнату қажеттігі ескертілді. Жобалардың тиімділігі мен маңыздылығы терең  зерделенуі тиіс.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<