Қазалы көпбейінді орталық ауруханасында жүрек ырғағының бұзылыстары бойынша алғаш рет аритмологиялық жоғары мамандандырылған оталар жасалып, оқу-шеберлік тәжірибе жүргізілді. Мұндай жоғары мамандандырылған ота республика көлемінде аудандар арасында алғаш рет Қазалыда жасалып отыр.
Отаға Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасының интервенционды аритмолог дәрігері, MD, PhD дәрігер Қанат Ергешов және облыстық медицина орталығының облыс бойынша штаттан тыс аритмолог дәрігері Нұрболат Лепесов арнайы шақырылды. Күрделі отаға аудандық көпбейінді орталық ауруханасының рентген-эндоваскулярлық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Кенесары Баспаев пен рентген-эндоваскулярлық хирургия бөлімшесінің интервенциялық аритмолог дәрігері Рахымжан Темірбай қатысты.
Аталған ота түрлері – заманауи медицинаның жоғары технологияларын талап ететін күрделі бағыттардың бірі. Бұл шара аудандағы медицина саласының дамып келе жатқанын, сондай-ақ еліміздегі білікті мамандардың тәжірибе алмасу арқылы кәсіби деңгейін арттырып жатқанын көрсетеді. Бастама жүрек ырғағы бұзылыстары бар науқастарға жоғары мамандандырылған көмекті өңірлік деңгейде көрсетуге бағытталып отыр.
Шеберлік класында жүрек аритмияларын заманауи диагностикалау, интервенциялық емдеу әдістері жүзеге асты. Атап айтқанда, жүректің ауыр брадикардиясы мен өткізгіштік бұзылыстарында қолданылатын электрокардиостимулятор имплантациясы, жүрек ішіндегі артық электрлік ошақтарды жою арқылы тахиаритмияларды емдеу тәсілі, радиожиілік абляция және пароксизмалды жүрекшелер фибрилляциясы кезінде қолданылатын заманауи әрі тиімді әдіс өкпе веналарының криоабляциясы бойынша оталары жүргізілді.
Қазіргі кезде ота жасалған 7 науқастың жағдайы тұрақты.
«СБ» ақпарат





