Қазалылықтар батыс аймақтан келген оқушыларды күтіп алды

279

0

Фото: Қазалы ауданы

Еліміздің батыс аймақтарында орын алған су тасқынына байланысты біздің өңірімізден жан-жақты көмек көрсетілуде. Су тасқыны орын алған күннен бастап зардап шеккен аймақтарға Қазалы жұртшылығы азық-түлік және басқа да қажетті затар тиелген жүк көліктерін жіберуде.

Бірер күн бұрын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес ауданнан су тасқыны орын алған аймақтарға көмек көрсету мақсатында арнайы техникалар да аттанған болатын.

Бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде мектептердегі оқу процесін қалыпқа келтіруге бағытталған ауқымды шаралар қолға алынуда.

Осыған орай Батыс Қазақстан облысынан оқушыларды оңтүстік өңірлерге уақытша қоныс аудартып, білім беру процестерін жалғастыру жұмыстары жүргізілуде.

Күні кеше аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов бастаған азаматтар Қазалы теміржол вокзалынан оңтүстік өңірлерге уақытша қоныс аударып жатқан 103 оқушыны күтіп алды. Балаларды Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылдық округі аумағында орналасқан «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына жеткізді.

Ендігі балаларға орталықта 10 күн бойы барлық қажетті жағдайлар жасалып, офлайн оқу процесі, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында түрлі спорттық, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Қазалы ауданы әкімдігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<