Қазалылықтар Республика күнін атап өтті

489

0

Қазалыда ұлттық мереке – Республика күніне арналған мерекелік салтанатты шара өтті. Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде сахна төріне шығарылып, Қазақстан Республикасының Гимні орындалды.

Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз алып, барша қазалылықтарды мерейлі мерекемен құттықтады.

– Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Тарихтан белгілі, 1990 жылы 25 қазанда қазақ елі Егемендік декларациясын жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі бекітілді. Еліміз Тәуелсіздік алған соң даму жолында тапжылмай жылжуға мүмкіндік беретін маңызды жетістіктерге жетті. Бұл жолда қол жеткізген үлкен жетістіктердің барлығында да Сыр елінің, оның ішінде Қазалы ауданының қосқан үлесі зор деп білемін. Баршаңызды егемендігіміздің бастауы болған ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Салтанатты шарада ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қазалылықтар марапат төрінен көрінді. Алдымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес бірқатар көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградалары табысталды.

Мұнан соң, Қызылорда облысының және Қазалы ауданының Құрметті азаматы, «РЗА» акционерлік қоғамының президенті Самұрат Имандосов ҚР Премьер-министрінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сонымен қатар бірқатар азаматтарға Қызылорда облысы және аудан әкімінің «Алғыс хаты» тапсырылып, теміржол саласының ардагері Ерсайын Байқадам мен білім саласының ардагері Салима Нұрмұратқа Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы» тапсырылды.

Егемендігіміздің бастауы болған ұлттық мереке – Республика күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кеште аудан өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<