Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласы әкімдігінде өткен актив жиынында жаңа қала әкімін таныстырды.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қызылорда қалалық мәслихатының келісімдері бойынша облыс әкімінің 2021 жылдың 8 сәуірдегі өкімімен Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы тағайындалды.
Ғанибек Қазантаев 1960 жылы Қызылорда облысында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «мұнай және газ кеніштерін игеру» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1980 жылы Жалағаш аудандық 9-шы жылжымалы механизацияланған колоннаның мастері ретінде бастаған.
1983-1992 жылдары Қызылорда облысындағы құрылыс ұйымдарында мастер, аға жұмыс өндіруші, өндіріс-техникалық бөлімінің бастығы, 3-ші ауданаралық мамандандырылған жылжымалы механизацияланған колоннаның бас инженері.
1992-2013 жылдары «Нефтегазстрой Кызылорда» корпорациясының президенті, «Ай-Дан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, «ССК «Ақмешіт» акционерлік қоғамының президенті, «Ай-Дан Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры, «Сырдариямұнай» акционерлік қоғамының бас директоры, «Транснефтьсервис» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Kazpetrol Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры.
2013-2019 жылдары Сырдария ауданының әкімі қызметін атқарған.
2019 жылғы қыркүйек айынан бастап ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жаңа басшының қызметіне сәттілік тіледі.
Қызылорда облысы әкімдігінің
баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<