Ирландиялық белгілі бизнесмен Патрик Рокканың 500 миллион евросы сақтаулы тұрған банк күйреп, байлығы суша ағып кеткендіктен жүйке жүйесі жүлгеленіп, «бізге енді жердің үстінен асты жақсы» деп өзін өлімге байлапты. Америкалық Эли Блэк өзінің кәсібіне қатысты салықты төмендету үшін 2,5 миллион доллар пара бергені туралы газеттегі ақпаратты оқып, 44-қабаттан секіріп кеткен.
Шетелдік ақпараттан осындай хабарлар кездескенде «байлық беріп, сана бермеген сорлыларды» Құдай аясын дейсің, аузыңа басқа сөз түспейді.
Тарихта ең бай миллиардерлердің өзінің қара бақыр, соқыр тиын санап жүретініне мысалдар аз емес. ХХ ғасырдың ең бай әйелдерінің бірі Генриетта Хоуленд Грин 1916 жылы қайтыс болған. Артында ақшалай 20 миллиард доллары қалған. Ол Чикагодағы тұтас кварталдардың қожайыны болса да, өмір бойы ең арзан пәтер жалдап тұрған.
Мына бір жағдай тіпті ерсі. Америкалық жас актриса Уэнди Бэнкс 90-ға келген миллионерге күйеуге тиеді. Махаббат емес, мақсатын түсініп отырсыз ғой. Бір жылдан соң ауру шал көз жұмады. Адвокаттар қарттың қалдырған өсиетін оқығанда, актриса есінен танады. Қырсық шал 64 миллион долларын Макси деген итіне мұраға қалдырыпты. Заңнан аттамайтын сот мұраны салпаңқұлақ итке тиесілі деп шешеді. Байлыққа көзі байланған әйел осынша ақшаны итке тастасын ба, төрт аяқты Максиге тұрмысқа шығады. Әлеуметтік желілерде жануарлармен жанұя болып жататын (отбасы емес) осындайларды көргенде «ақымақ» деп қоя салатынбыз. Сөйтсек, оның астарын білмейтін біз ақымақ екенбіз. Сонымен, әйел мен иттің некесін қиюға тура келеді. Иттің құжатын тастай қылған шал өлерінде оны АҚШ азаматы ретінде тіркетіп, салық төлеп тұратын қылыпты. Әккі әйел жазықсыз Максиге у беріп өлтірді ме әлде ажалынан өлді ме, әйтеуір төрт аяғы төрден түспеген «АҚШ азаматы» өлген соң, бар байлықты Уэнди иеленген.
Тізбелей беріп қайтеміз, өлгеннің артынан жаман сөз айтпайтын қазақтығымызды қайтеміз. Шіркін, қазақтың байларындай болу қайда!
Біздің халқымыз дүние байлығынан рухани байлықты жоғары қояды. Алайда, рухани байлықты жасау жолындағы материалдық байлықтың ролі үлкен екенін де жақсы біледі. Абайдың «сұлу аттың көркі – жал, адамзаттың көркі – мал» дегенін немесе Бұқар жыраудың «шүлдірлеген қызыл тілден не пайда, алдыңа салып айдаған малың болмаса» дегенін осы тұрғыдан түсінген абзал.
Мұны қазақтың бұрынғы өткен байлары да жақсы түсінген. Олар өз руының жағдайын жасай отырып, тепе-теңдіктің бұзылмауын ойлаған. Адам мінезінің көркемдігі, жомарттығы, пейілінің кеңдігі, барлығы – байлықтан. Яғни, байлық – адамның көңілін тойдырады. Көңілі тоқ адам айналасына шапағат-нұр төгуге әзір тұрады.
Қазақ «жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген бір ғана мақалымен бай адамның болмысын анықтаған. Өйткені, байлыққа әркімнің қолы жетпейді, бай болу кез келгенге бұйыра бермейтін бақ дегеніміз дұрыс шығар. Байлар қай кезде де руханият өкілдеріне, өнер адамдарына ниеттес болған.
Ауыл-ауылды аралаған ақын-жыршыларды, сал-серілерді бай адамдар айлап қонақ қылған, «сөз ақысына» алдарына мал салып берген. Соның арқасында ел-жұрт ән-жырға қаныққан. Рухани азық алған. Адамның әлеуметтік жағдайы бірінші орында тұрады. «Қанша шешен болса да – дауға салма малсызды, қанша батыр болса да – жауға салма жалғызды» деген бар. Сондықтан ауылдың беткеұстар азаматтарына, өнерпаздарға руластары мен ауылдың байлары қамқор қолын созған.
Байлар бұл әрекеті арқылы өздерінің тектілігін танытқан. Өйткені, руханияттан өзі ғана емес, халқының да сусындап өсуіне де мүмкіндік жасаған. Демек, рухани жаңғыру түсінігі қазақ ішінде қашаннан-ақ бар екен. Себебі, рухани толық жетілген ата-ана ғана тәрбиелі, елін-жерін сүйетін ұл-қыз өсірген.
Ал, енді мынау бейшара Бэнкстің қылығы бізге жат, жиіркеніш тудырады.
Байлық сипаты жайлы ұзақ сөз айтуға болады, әсіресе қазақ қоғамындағы бүгінгі байлардың қайырымдылықтарын айта бергің келеді.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<