Қазақ даласында киік саны 2 миллионға жетті

372

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақ даласында 2 миллионға жуық киік жүр. Бұл санды ойдан шығара салғанымыз жоқ. Охотзоопром ӨБ РМҚК Қызылорда өңірлік филиалы берген мәліметіне сүйендік. Айтпақшы, бұл былтырғы санақ қорытындысы. Біз көрші Ақтөбе, Қарағанды жері, одар әрірек Қостанай мен Ақмола облыстарының аумағында жосып жүрген киіктің Сырға қарай көбіне қыс түсе ауатынын ғана білеміз.

Аймақта Қызыл кітапқа енген жануар мен құс түрлері баршылық. Соның ішінде ерекше қорғауға алынғаны осы – киік аңы. Биологиялық мәліметте, киік жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайтаратын түз жануары. Халық «ақбөкен» деп сүйсіне ат таңған, сайын саланың сұлуы көбіне шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етеді.

Ғалымдар пікірінше, киіктің атамекені – қазақ даласы. 95 проценті осында мекендейді. Негізінен оларды үш аймаққа – Орал, Үстірт және Бетпақдала популяциясына жатқызады. Кейінгісіне біздің облыс территориясы да кіреді.

Қолымызда киіктің өсімі жайлы мәлімет тұр. 2015 жылдан бері қарай есептесек, жануардың қатары қалыңдай түскен. Тек Бетпақдалада жортқан киіктің сол жылы жаппай қырылғаны болмаса, олардың көбею қарқыны тәуір. Мысалы, 2015 жылы Орал популяциясында 51700 бас киік өрсе, Үстіртте 1270 бас, ал Бетпақдалада 242 мыңнан астам киік болған. Жоғарыда айтып кеткендей, Бетпақдаладағы киіктің ғалымдар қойған диагноз бойынша әлдебір аурудан (бұл бәлкім, адами фактор болуы да мүмкін) қырылуынан соң, 2016 жылы 36 мың ғана киік қалды. Керісінше Орал мен Үстіртте саны артқан.

2017 жылдан бастап киік саны үш популяция бойынша артып келген. Барлығына тоқтамай-ақ былтырғы көрсеткішті айтар болсақ, Үстіртте 39700, Бетпақдалада 745300 киік болыпты. Ақбөкеннің ең көп шоғырланған жері Орал популляциясында 1 млн 130 мың киік бар.

Мамыр айының ортасынан бастап жаппай лақтайтын киіктің саны жылма-жыл артуда. Мемлекет басшысы тікелей назар аударып отырған дала жануарын қорғау бұрынғыдан да күшейтілген. Ал жазасы тіптен ауыр. Мысал келтірсек.

Былтыр қараша айында қолданыстағы заң талаптары қайта қаралып, өзгерістер енгізілді. Заңсыз аңшылықпен немесе тасымалдаумен, сақтау, сату, сатып алумен айналысқан тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 337 және 339-баптарындағы жазалау санкциялары қатаңдатылған. Бұдан бөлек мемлекетке келтірілген шығынын да қосып есептейтін көрінеді. Нақты айтар болсақ, бір киіктің текесін жазым етсеңіз 500 АЕК айыппұл арқалауға мәжбүрсіз. Ал аналығы мен төлінің айыппұлы 350 АЕК. Қарап отырсаңыз, мұнда да «еркек тоқты құрбандық» қағидасы жүріп тұр. Текелердің құны қаншалықты екенін жоғарыдағы айыппұлдан бағалай берерсіз. Мұнан басқа, киік атып, жазалы болғанның барлық пайдаланған көлігі мен қару құралдары тәркіленеді.

Былтыр, Қызылорда өңірлік филиалы киік аңына қатысты 11 қылмыстық іс тіркеген. Ал биыл бірінші тоқсан бойынша 8 қылмыс тіркелген.

Бәрі бекітілген жоспарға сәйкес жүреді. Киікті, жалпы жануарларды қорғауда инспекторлар жаңа техника, арнайы киім және қарумен қамтылған. Қызметкерлерге іссапар шығыны төленіп, жылжымалы жатақхана берілген. Біздің инспекция, аудандық, қалалық полиция бөлімдері, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер және «Охотзоопром» ӨБ филиалы қызметкерлерінен құралған мобильдік топ бар. Киікті қорғауға Арал мен Жаңақорған арасындағы облыс шекарасы белгіленген аймақ кіреді.

Охотзоопром ӨБ РМҚК Қызылорда өңірлік филиалы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<