Қазақ деген халықтың еркесімін

1192

0

Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Қазақ деген халықтың еркесімін» атауымен «Қазақконцерт» өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов қатысып, облыс әкімінің құттықтау лебізін жеткізді.

– Биыл қазақ өнерінің жарық жұлдызы, Халық қаһарманы, даңқты жерлесіміз Роза Бағланованың ғасырлық тойы кең ауқымда аталып өтуде. Мәдени шаралар ЮНЕСКО деңгейінде ұйымдастырылды. Сол игілікті істің жалғасы әншінің туған топырағы – Сыр өңіріне де келіп жетті. Осы мақсатта жақында Роза Бағланованың есімі берілген «Қазақконцерт» ұжымы қызылордалық өнерсүйер халықпен жүздесуді жөн көріп отыр. Осы орайда сізге және сіз басқарып отырған ұжымға облыс әкімінің алғысын жеткізгім келеді, – деді Серік Салауатұлы.

Ән падишасы атанған сахна саңлағының ғасырлық мерейтойына арналған «Қазақконцерт» концерттік ұйымының гастрольдік сапары Солтүстік Қазақстан облысынан бастау алған. Өнер мерекесі одан кейін Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарында жалғасын тапты.

– Дала дарыны кезінде еліміздің Абай атындағы академиялық опера және балет театрында, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында еңбек етіп, 1960 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Қазақконцерт» концерттік ұйымының солисі болды. Саналы ғұмырының сан жылын осы өнер ошағының атағын аспандатуға, ел мәдениетін өсіруге арнағаны ескеріліп, аталған ұйымға Роза Бағланованың есімінің берілуі заңдылық деп санаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өнер иесінің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған естелік даталар күнтізбесіне енгізілді. Осыған сәйкес жыл басынан еліміздің барлық аймағында мерейтой лайықты аталып өтуде. Сыр өңіріндегі мәдени кеш те сол шаралардың лайықты жалғасы, – деді   Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова.

Гастрольдік сапар алдағы күндерде облыстың Қармақшы, Қазалы, Арал аудандары мен Байқоңыр қаласында жалғасын табады. Одан кейін еліміздің Түркістан, Жамбыл облыстарында өткізіледі. Қорытынды концерт өнер иесінің саналы ғұмыры өткен Алматы қаласында мәресіне жетпек.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<