Қазақ халық ағарту институты

643

0

Тарихи мәліметтерді алға тартатын болсақ, 1925-1929 жылдары қазақтың бүкіл саяси элитасы ел астанасы Қызылордада еңбек еткен. Олардың арасында Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды ұлт руханиятының көрнекті өкілдері болды.

1925-1927 жылдары Халық ағарту комиссариаты халыққа білім беру ісін дамытып, қазақ қоғамында сауатсыздықты жою, мектептер мен интернаттар жүйесін ұлғайту науқанын бастап кетті. Осы кезде қазақ мектептерінің көбеюіне, жоға­ры оқу орындарының ашылуы­на үлкен мән берілді. Алғашқы қызметі Орынбор қаласынан бастау алған Қазақ халық ағарту институты жалпы орта мектептерге мұғалімдер дайындап шығару мақсатын көздеді. Бұл институттың оқу жоспарына сәйкес дәрістер қазақ тілінде жүр­гізілді.

1925 жылы институт Қызылорда қаласына көшірілді. Оның жұмысына тәжірибелі педагогтер мен ұйымдастырушы қайраткерлер тартылды. Институт оқытушылары мен студенттері елде сауатсыздықты жою ісіне белсене араласты.

1927-1928 жылдар аралы­ғын­да Қызылорда қаласын­да­ғы Қазақ халық ағарту инс­ти­тутында А.Байтұрсынов бір­қатар пәннен қазақ тілінде дә­ріс оқыған. С.Сейфуллин 1927-1928 жылдары басшылық қыз­метте болған. Осы институтта С.Мұқанов, Т.Жүргенов, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов сияқты қо­ғам қайраткерлері дәріс оқы­ған.

1927 жылы 10 қыркүйекте Халыққа білім беру Қазақ ағар­ту институты кеңесінің мә­жілісі өткізіліп, күн тәртібінде сабақтарды оқу жоспары бо­йынша кіші және жоғары топ­тардағы қазақ тілі пәні бойынша 6 сағат А.Байтұрсыновқа, орыс тілі пәні бойынша 6 сағат С.Мұқановқа, өлкетану бойынша 2 сағат Т.Шонановқа, пе­­дагогика пәні бойынша 2 са­ғат Қ.Жұбановқа, 1, 2, 3 топ­тардағы қазақ әдебиеті пәні бо­йынша Т.Жүргеновке, мате­риа­лизм тарихы бойынша 2 сағат М.Жолдыбаевқа берілген. 1928 жылдың басынан институт­та ауыл мектептеріне қазақ мұ­ғалімдерін дайындайтын 2 жылдық курс ашылып, онда 44 қыз бала оқыған.

1930 жылы республикада педагог және мұғалімдер инс­титуттарының көбеюіне байланысты 1933 жылы 15 қазанда институт жабылды.

ХХ ғасырдың басында ұлт­тық мамандар даярлаған, қазақ жастарын мамандар қа­та­ры­на толықтырған бірден-бір ме­ке­ме болған Қазақ Ха­лық ағар­ту институтының Қы­зыл­ор­да қаласында болғанын ай­ғақ­тайтын құжаттар архив қо­рында сақтаулы.

Облыстық мемлекеттік архив қорынан