Сенаттың пленарлық отырысында қазақ киносында қазақ тілінің тазалығын сақтау, мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуын қамтамасыз ету жөнінде Премьер-министрдің атына бір топ сенаторлардың жолдаған депутаттық сауалын Сенат депутаты Руслан Рүстемов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Мәтіні ұсынылып отыр.
Шындығында да, қазіргі қазақ киносында тіл мәселесі тым өзекті. Себебі, атауы қазақша болғанымен, кейіпкерлері таза қазақ тілінде сөйлемейтін, тілі алашұбар, жеңіл әзіл мен арзан күлкіге құрылған, анайы сөздер мен азғындыққа толы фильмдердің көбеюі өте қауіпті. Бұл үрдіс осылай жалғаса берген жағдайда таяу уақытта қазақ тілінде түсірілген киноны күндіз майшаммен іздеп таппай қалуымыз да мүмкін.
Қазіргі қазақ киносының ұлттық сипат алуына, ұлттық дүниетанымды танытуына және ұлттық мәдениет пен ұлттық тілдің кең құлаш жаюына тәуелсіз елімізде еш кедергі жоқ. Алайда солай бола тұра, таза қазақ тілінде жазылмаған, шетелдік жат ұғымдағы сценарийден түсірілген, көркемдік деңгейі ұлттық танымымызбен сәйкеспейтін, жат мәдениеттің кодымен «сөйлейтін», кейіпкерінің аты мен түрінен басқа қазақтың өзі жоқ «көркем фильмдер» өскелең ұрпақтың рухани талғамына кері әсер етуде. Әсіресе, орынсыз айтылған олқы сөздер ой-санаға сіңіп жатқаны жалған емес. Қисынсыз сөз қасиетті тілімізді қорлап жатқандай көрінеді. Ұлттық мәселелерді шешу мақсатында мұндай қалыбы қисық әрекеттерге тыйым салатын мезгіл жеткен сияқты. Өркениетті елдерде ұлт мәртебесімен және халықаралық беделімен үнемі бірге қарастырылатын тіл тазалығы үшін күрес тілдің мәдениеті үшін де күрес екені белгілі.
Қазіргі қазақ киноларындағы қазақ және орыс тілдерінің аралас қолданылуы қазақ тілінің тазалығын бұзатыны анық. Өйткені, көптеген кино және телебағдарламалардағы жаргон, сленг және аралас тіл қолданыстары қазақ тілінің тазалығын сақтауға зиянын тигізуде.
Осыған орай, қазіргі қазақ киносы тілінде қалыптасқан әлеуметтік- лингвистикалық мәселелерді шешу мақсатында депутаттық сауалда отандық кино өнімдеріне әдеби, идеологиялық тұрғыда нақты бақылау орнату мақсатында кино түсіру саласына мемлекеттік лицензиялауды енгізу, кино мен телеиндустриядағы тілдік мәдениет мәселелерін реттеу мақсатында кино және сахна тілін қадағалау функциясын енгізу, қазақ киносының тілін көркем әдеби стильге негіздеп, мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуын заңнамалық қамтамасыз ету, қазақ тілінде кино түсірушілерге арнайы тілдік курстар өткізу, кенжелеп қалған кино сыны саласын жетілдіріп, әр жаңа фильмге қатысты кәсіби мамандардың сыни пікірлерін жариялайтын арнайы журналдар шығару, шетел киносының прокатынан өндірілген салықтың белгілі бір бөлігін ұлттық киноны дамытуға жұмсау, мемлекеттік тапсырыс аясындағы киноның барлығын тек мемлекеттік тілде түсіруді заңнамалық қамтамасыз ету, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптамалық кеңестің қызметін заңнамалық тұрғыда қайта өзектендіру бойынша бірқатар ұсыным қамтылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<