Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына сапарында жұртшылықпен кездесуде Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше әрі төл шежіремізде айрықша орны бар өлке екенін атап өтті.
– Еліміздегі мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны бұдан 120 жыл бұрын осы қалада ашылғаны белгілі. Онда Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды ұлт зиялылары білім алған. Ал Семейдегі музыкалық драма театр – қазақтың театр өнерінің берекелі бастауы. Ұлт футболының тұсауы да осы жерде кесілген. Еліміздегі тарихи-өлкетану музейі, қоғамдық кітапхана, архив, телеграф алғаш рет осында ашылған. Сондықтан бұл жерді халқымыз қазақ руханияты тамыр жайған жер деп ерекше қадірлейді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы өзінің шешімімен Семей қаласына тарихи орталық мәртебесі берілгенін айтты.
– Жалпы, өңірдің тыныс-тіршілігі әрдайым менің жіті назарымда. Осыдан ширек ғасыр бұрын облыс таратылып, Шығыс Қазақстанға қосылды. Содан бері өлкеге бұрынғы мәртебесін қайтару мәселесі қоғамда талай рет көтерілді. Семей өңірінде іргесі бөлек облыс құру туралы бірнеше хат-хабар, ұсыныс алдым. Біз халық үніне құлақ асатын мемлекет құрып жатырмыз. Сондықтан мен биыл халықтың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабылдадым. Аталған қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады. Бұл шешім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық. Өйткені Абай – ұлт пен жұрттың символына айналған ұлы тұлға. Семей мен Абай – бір-бірінен ешқашан ажырамайтын ұғымдар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, баршаңызды Абай облысының құрылуымен тағы да құттықтаймын! – деді Президент.
Президент Абай өңірін дамытудың басым бағыттары мен өзекті мәселелеріне тоқталды. Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешу, Семейдегі медицина университеті жанынан көпбейінді аурухана салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын жандандыру туралы тапсырма берді. Үкіметке жақын арада Абай облысын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді жүктеді.
***
Мемлекет басшысы Абай облысына жұмыс сапары барысында жазушы Мұхтар Әуезов пен ғалым Қайым Мұхамедхановқа арналған ескерткішті ашты.
Президент шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде екі тұлғаның төл тарихымызда ерекше орын алатынын атап өтті.
– Бұл – ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы рухани бірліктің символы. Шын мәнінде, қос алыпты бөле-жарып қарау мүмкін емес. Олар Абай мұрасын зерттеп, дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Төл әдебиетімізді жаңа белеске көтерді. Мұхтар Әуезов Абайды, Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Ұлы ойшылдың көркем бейнесін сомдап, оның асыл мұрасын адамзаттың ортақ қазынасына қосты. Жазушының әр туындысы жұртымыздың жүрегінен өшпес орын алды. Мұхтар Әуезов – әлем әдебиетінің шыңына көтерілген қаламгер. Ал Қайым Мұхамедханов – ұлы жазушының жақын серігі әрі шәкірті. Ол бүкіл ғұмырын Абайтану, Шәкәрімтану және Алаштану ғылымына арнады. Қуғын-сүргінге ұшыраса да, тағдырдың сынағына қарсы тұрып, еліне адал қызмет етті, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ұлт тарихындағы біртуар тұлғаларымызды ұлықтау парыз екенін және бұл ескерткіш Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық тойына тарту болғанын айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы шараға қатысуға келген бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Олардың қатарында жазушы мен ғалымның ұрпақтары, абайтанушылар, осы өңірде туып-өскен бірқатар ақын-жазушылар болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<