Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп жазылған. Әрбір Қазақстандық Ата заңымыздың талаптарын орындауға тиіс. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын ең үлкен қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен байланыса алады. Елбасымыздың жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз.
Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» -деген болатын. Биылғы жолдауында үш тілді білім деңгейіне өту мәселесінде Елбасымыз Қазақ тілінің басымдығы сақтай отырып, оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлу керектігін атап өтті.
Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты.
«Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Отбасы өзіміз де, тәрбие тілден басталады дейді. Тіл меңгеруде ата-ана мен білім ұяларының рөлі ерекше екенін, әр отбасы бесіктен бастап балаға қазақ тілін үйретуді қолға алу басты мақсат.
«Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» демекші өз ана тілін білмеген жаннан, анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл. Халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті. Қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ жайт.
Бірақ қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Ендеше, тілімізді ұлтымызды, отбасымызды қадірлегендей қадірлейік! Қазақстанның азаматымын деп санайтын әрбір адам мемлекеттік тілді білуі шарт деп ойлаймын. Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес, ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасаудың ұлттық ұжымдық тәрбиесін жинақтаудың, сақтаудың құралы. Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білімді үйрету тіл арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік тілді оқыта отырып, жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, мемлекеттік рәміз, ұлттық діл, ұлттық болмыс туралыақпараттар толық берілетіні анық. Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл.
Э. Ақылбекқызы,
Облыстық әділет департаментінің бас маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<