Елімізде қазақ тілін үйрететін ЖИ-агент әзірленіп жатыр. Бұл туралы «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай айтты деп хабарлайды Kazinform.
– Алдағы уақытта біз жасап жатқан ЖИ-агент қазақ тілін үйрете бастайды. Сондай-ақ ол қолданушының қазақ тілін білу деңгейін анықтап, оған арналған жеке бағдарламаны әзірлеп береді. Оның алғашқы нұсқасы қараша айында іске қосылады. Кейін ол жыл сайын жетілдіріліп отыратын болады, – деді ол.
Спикердің айтуынша, жасанды интеллектінің ең басты қасиеті – оның бейімделгіштігі. Тіл үйренуші кәдімгі адаммен сөйлесіп отырғандай оған сауалын қояды, ол жауап береді. Қолдануы өте қарапайым. Сол 5-6 сұрақтың аясында ол қолданушының тілді меңгеру деңгейін анықтап алады.
Бірреттік көмек беріледі
Аталған қолдау шарасы Конституцияның 30 жылдығына орай Шымкент қалалық мәслихатының шешімімен «Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына» сәйкес қабылданып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сонымен мереке аясында мүгедектігі бар 8 323 балаға 5 АЕК (19660 теңге) мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек төленеді. Ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 20 АЕК (78640 теңге) мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек қарастырылады.
Төлемді алу үшін ешқайда өтініш берудің қажеті жоқ. Қаражат база арқылы мүгедектігі бар балалардың аналарының әлеуметтік есепшоттарына автоматты түрде аударылады. Ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған төлемдер оларды заңды қамқорлығына алған азаматтардың есепшоттарына түседі.
Әскерге шақыру ережелеріне өзгерістер енгізілмек
Еліміздің Қорғаныс министрлігі елімізде әскери қызметке шақырудың жаңа қағидаларын бекітті. Өзгерістер туралы тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжатта Қазақстанда азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен өткізудің бірыңғай тәсілі көрсетілген. Енді әскерге шақырылушының нөміріне SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл дәстүрлі әскери комиссариаттан жіберілген қағазбен теңестірілмек.
Сондай-ақ жобаға сәйкес қазақстандықтар әскерге шақыруды eGov порталы арқылы кейінге қалдыра алады.
Жаңа ережелер әлі күшіне енген жоқ. Қаулы жобасын қазақстандықтар 2025 жылдың 9 қыркүйегіне дейін талқылай алады.
«СБ» ақпарат





