«Қазақконцерт» Сыр өңіріне гастрольдік сапармен келді

301

0

Бүгін Қызылордаға алпыс жылдық тарихы бар «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы келді. Қазақ мәдениетінде тарихы алтын әріппен жазылған «Қазақконцерттің» бүгінгі шығармашылық кеші облыстың 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазақконцерттің» өнерпаздары БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

– Біз өткен жылдан бастап «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» деген жобаны қолға алдық. Басты мақсаты – шет аймақтағы елді мекендер мен моно қалалардағы өнер сүйер қауымға өзіміздің шығармашылық кешімізді өткізу. Осы жоба аясында Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарында шығармашылық кеш өткіздік. Міне, қасиетті Сыр еліне келіп, «Қазақконцерттің» өнерін сағынған халықты өз әндерімізбен сусындатпақпыз. Концерт әрі қарай Байқоңыр қаласында жалғасады, – деді аталған ұйымының ресми өкілі Ержан Алданазаров.

– Қазақ өнерінің қара шаңырағы – Сыр өңіріне гастрольдік сапармен келіп отырмыз. Туған жерімде ән шырқаған кезде ерекше бақытқа бөленемін. Жалпы, бұл концерттік ұйымда жан-жақты жанрды қамтыған өнерпаздар бар. Сол себепті кеш қызықты өтеді деп сенемін, – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі Жеңіс Ысқақова.

– Аталған өнер ордасының тарихы Ш.Жиенқұлова, М.Ержанов, Ж.Омарова, Н.Тапалова, Р.Бағланова, М.Хамзин сынды қазақ музыка мәдениетінің негізін қалаған ірі тұлғалардың есімінен бастау алды. Кейін олардың қатарын Е. Рахмадиев, С.Тыныштығұлова, Ә. Есқалиев, С. Шүкіров, Г.Талпақова секілді көрнекті өнерпаздармен толықты. Сіздерді Сыр сахнасындағы шығармашылық кештің куәсі болуға баршаңызды шақырамыз, – деді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Алматы қаласындағы филиалының директоры Ғазиза Ғабдрахимова.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<