«Қазақстан – ғарышқа жол» ақпараттық тур

818

0

Ғарыш әлеміне сапар шегіп, зерттеу жүргізу ойша оңай болғанымен, іс-жүзінде санаулы адамның ғана қолынан келгені белгілі. Оған тарих куә. Дегенмен, бүгінде бұл тылсым әлемге бір елі жақындауға керемет мүмкіндігіміз бар. Неге десеңіз, ғарышқа апарар төте жол қазақтың дархан даласынан бастау алады, ал Байқоңыр сол жолдың «қақпасы» іспеттес. Дәл осы жерден әлемдегі алғашқы зымыран мен жасанды жер серігі ұшырылып, 1961 жылы тұңғыш рет адам баласы ғарыш кеңістігін бағындырған еді. Ондаған жылдар бойы жабық стратегиялық аймақ болған Байқоңырды бүгінде турист ретінде тамашалап қайтуға болады.

Осы ретте, Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 27-28 қазан күндері облыс көлемінде «Қазақстан – ғарышқа жол» атты отандық турфирмалар мен БАҚ өкілдеріне арналған ақпараттық тур өткізілді.

Шараның негізгі мақсаты – Қызылорда облысының туристік әлеуетін республикалық нарықтағы танымалдылық деңгейін арттыру және туристік дестинацияны одан әрі ілгерілету болып табылады.

Ақпараттық тур аясында Байқоңыр қаласында «Байқоңыр – космонавтика астанасы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Аталған шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының туризм басқармалары, «Kazakh Tourism» ҰК АҚ, отандық туркомпаниялар, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің туризм басқармасы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және блогерлер Алиев Данат Қанатұлы, Цой Александр Поликарпович пен трэвел-блогерлер Рахметолла Әділет Нұрланұлы мен Кагаров Сакен Даниярұлы қатысты.

Мемлекет басшысымен реттеу құралдарын оңтайландыру, туристік саланы мемлекеттік қолдау шараларын анықтау және туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілерге пандемиядан шығу арқылы ішкі және кіру туризмін дамытуды ынталандыру үшін құқықтық жағдайлар жасау мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.

Осы орайда, аталмыш Заң аясындағы қарастырылған мемлекеттік қолдау бағытындағы жұмыстардың орындалу барысы туралы Н.Қ.Төлебаев, 2025 жылға дейінгі туризм саласын дамытудың ұлттық стратегиясын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар туралы Е.Қ. Кенжебеков, еліміздегі туризм саласын дамытудың негізгі бағыттары туралы Г.А.Ахбердиева, «Байқоңыр» кешеніндегі туризмнің дамуына бағытталған жұмыстар жөнінде Е.В.Гертер, сондай-ақ, жақын арада пайдалануға берілген халықаралық стандартқа сай келетін «Галакси» қонақ үйінің ашылу салтанаты туралы Д.Ж. Габдуллина, Алматы облысының туристік әлеуеті, оңтүстік-шығыс өңірдің туризм бағытындағы тәжірибелермен бөлісу үшін Ж.Г. Алшымбаева, ішкі және халықаралық нарықта Қазақстанның туристік әлеуетін танымал ету, туристік көрсетілген қызметтер мен өнімдердің қолжетімділігін және сапасының деңгейін арттыру жөнінде Ж.Е. Оразалин баяндама жасады.

Шара соңында жасалған баяндамалар төңірегінде талқылау жұмыстары жүргізіліп, Ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы үш жақты Меморандумға қол қойылды. Осындай достық байланыс өңіріміздің туристік әлеуетін жоғары деңгейге жеткізуге ықпалын тигізеді.