Қазақстан хоккей құрамасы Олимпиада жолдамасынан тыс қалды

2127

0

Фото: ашық дереккөз

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы финалдық олимпиадалық іріктеу кезеңінде Словакиямен шешуші ойын өткізді.

Кездесу басынан словакиялық хоккейшілер жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Нәтижесінде олардың қатарынан Роберт Лантоши 4, Павол Регенда 12-минутта екі шайба соғып кетті.

Екінші кезеңде словакиялық Адам Лишка 30-минутта мергендік танытты. Қазақстандық Никита Михайлис 35-минутта есеп айырмасын қысқартты.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласына 1:3 есебімен жеңіліп, Олимпиада жолдамасынан тыс қалды. 

Алғашқы екі турда аталған құрамалар ұпайдан шашау шығарған жоқ. Қазақстандық хоккейшілер Венгрияны 5:2, Австрияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. 

Айта кетсек, 2026 жылы өтетін Қысқы Олимпиадаға олимпиадалық іріктеу кезеңінде Словакиядан басқа Латвия, Дания құрамалары жолдама алды. 

Дүбірлі дода 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында болады. 

Қазақстандық спортшылар Қысқы Олимпиадада 1998, 2006 жылдары бақ сынауға мүмкіндік алды. 1998 жылы жалпы командалық есепте сегізінші орынға тұрақтады. 2006 жылы топтық кезеңде бесінші орынды қанағат тұтып, жарысты жалғастырудан тыс қалды.

Ал 2002, 2010, 2014, 2018, 2022 жылдарда іріктеу кезеңінен аса алған жоқ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<