Қазақстан КВИ-ді емдеу үшін дәрі-дәрмектің 59 түрін сатып алды

889

0

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі ауруханалар вирусқа қарсы препараттармен қалай қамтылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«COVID-19 пациенттеріне стационарлық көмек көрсету құрылымы өзгертіліп жатыр. 13 мың төсек орны бар карантиндік стационарлар провизорлық және инфекциялық емхана болып жасақталуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен төсек орындардың саны 50 мыңға көбейтіледі. Кейінгі үш күннің ішінде коронавирус жұқтырған азаматтар үшін қосымша 1,5 мың төсек орны жасақталды. Ал КВИ жұқтырғаны жөнінде күдігі бар азаматтарға 5 мың провизорлық төсек орны әзірленді», – деді Алексей Цой бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда 333 медициналық ұйымда 20 мың инфекциялық төсек-орын бар. Оның көбіне пневмониямен түскендер жатқызылуда.

«Өкпені жасанды желдетудің 3 мыңға тарта аппараты бар стационарларда қосымша 987 аппарат сатылып алынады. Сонымен бірге осындай аппараттың тағы 1 мыңын сатып алу көзделуде. Одан бөлек оксигено-терапиямен тұрақты түрде қамту үшін 4 мың оттегі концентраторын сатып алу жоспарланған. Жалпы коронавирус инфекциясы бойынша науқастарды толығымен қамту үшін стационарларда құны 138,8 млн теңгеге 59 дәрі-дәрмек түрі сатып алынды. 2 шілдедегі жағдай бойынша өңірлердегі медициналық ұйымдар 27 мың науқасқа арналған вирусқа қарсы препараттармен қамтылған. Одан бөлек 15 шілдеге дейін тағы 28 мың науқасқа арналған дәрі-дәрмекті әкелу көзделуде», – деді ол.

Еске сала кетсек бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралған болатын. Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап елімізде 14 күнге қатаң шектеу шаралары енгізілетін болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<