сурет ашық дереккөзден
Таяуда Германияның беделді ғылыми-сараптамалық орталығы – «Ғылым және саясат қоры» «Орта державалар – халықаралық саясаттағы маңызды факторлар» атты көлемді мақалалар жинағын шығарды. Онда Қазақстан алғаш рет орта державалар қатарына енгені жазылған. Бұл нені аңғартады, қандай санаттар бойынша еліміз жақсы көрсеткіштерге жетті?
Жалпы «орта державалар» ұғымы әлемдік саясат пен экономикалық аренада маңызды рөл атқаратын мемлекеттерге қарата айтылады. Мәселен, бұл қатарда көбіне Түркия, Израиль және Үндістан елдері аталатын. Енді «Ғылым және саясат қорының» орта державалар тізіміне Қазақстан алғаш рет қосылып отыр. Бұл ұйымның Германия үкіметімен және парламентімен әріптестігін ескерсек, Еуропалық одақ Орталық Азия елдеріне, атап айтқанда Қазақстанға көбірек назар аударуда деп болжауға болады.
Мамандардың пікірінше, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында өзінің сыртқы саясатымен ерекшеленеді. Сарапшылар Қазақстан өз амбициясын ерте кезеңде халықаралық саясатта жүзеге асыра алғанын мойындаған. Мысалы, Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етті және Сирия қақтығысында келіссөзге шақырды. Мұнда Еуразияның бірқатар басқа ықпалды ұйымдарына мүшелік туралы да айтылған.
«Ғылым және саясат қорының» мақаласы еуропалықтарға өзгеріс туралы сигнал береді, яғни, кәрі құрлық бұрын стратегиялық қашықта болған елдермен де санасуға мәжбүр болмақ. Әйтсе де Қазақстанмен серіктестік сол кезде де, қазір де экономикалық және саяси жағынан тиімді. Еуропалық одақ елдерінің ақпараттық күн тәртібінде Қазақстан жаңа экономикалық және саяси әріптес ретінде ғана емес, инвестициялар үшін алаң ретінде де жиі байқалады. Оның кіріспесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік сапарлары аясында басталып та кетті.
2023 жылы жұмыс сапарлары кейбір еуропалықтардың санасында Қазақстанның идеологиялық көзқарастардан тыс өз мүдделерін сенімді қорғайтын және дипломатия өнері қажет болған жерде жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын егемен ел ретіндегі бейнесін бекітіп үлгерді» деп жазған sayasat.kz сайты.
Сондай-ақ сарапшылар Қазақстанның әртараптандыруға ұмтылысында Қытайдың «Жібек жолына» ғана емес, Еуропалық одақтың «Жаһандық қақпа» стратегиясына да сүйенетініне қызығушылық танытқан. Осыған байланысты Қазақстан «Шығыс пен Батыс арасындағы көпір» ретінде өзінің географиялық және тарихи рөлін бекіте бермек.
Мадияр Төлеу,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<