Қазақстан Ұлттық банкі жаңа монеталар шығарды

477

0

Сурет: Zakon.kz

2023 жылғы 6 желтоқсанда Қазақстан Ұлттық банкі «Банкноталардағы портреттер» сериясынан Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбай коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұлттық банк «Банкноттардағы портреттер» сериясындағы коллекциялық монеталар туралы мәлімет берді:

«Жаңа монеталар 1993 жылғы үлгідегі Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы банкноталарының бірінші сериясының портреттік бейнелеріне арналған. Онда көрнекті тарихи тұлғалар – ғалым Әл-Фараби, айтыскер ақын Сүйінбай Аронұлы, күйші Құрманғазы, ғалым әрі этнограф Шоқан Уәлиханов, ақын әрі философ Абай, сондай-ақ қазақ хандары Әбілқайыр мен Абылай бейнеленген».

Қазақстан Ұлттық банкі жаңа монеталар шығарды
Сурет: ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі

2011-2013 жылдары Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбай коллекциялық алтын монеталары айналымға шықты.

Қазақстан Ұлттық банкі жаңа монеталар шығарды
Сурет: ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі

«Коллекционерлер мен халық тарапынан болған сұранысты ескере отырып, серия күміс және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталармен толықтырылып отыр», – делінген ҚР Ұлттық банкі берген хабарламада.

Монеталар:

– әрқайсысы 925/1000 сынамды күмістен, салмағы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 мм, proof дайындау сапасымен, номиналы 500 теңгелік, таралымы 2 000 (екі мың) данада жасалды;

– әрқайсысы МНЦ 15-20 нейзильбер қоспасынан, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, uncirculated дайындау сапасымен, номиналы 200 теңгелік, таралымы 50 000 (елу мың) данада жасалды.

«Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға және аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға міндетті», – деді ҚР Ұлттық банкі.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<