Қазақстанда 11 жасар қыздарға папиллома вирусына қарсы вакцина салмақ

2948

0

Фото автордан

Адам папиллома вирусы – бүкіл әлемде кең таралған, шырышты қабаттар мен теріні зақымдайтын вирустар тобының жалпы атауы. Вирустың 190-нан астам түрі белгілі, олардың кем дегенде 13-і қатерлі ісіктің дамуына әкеледі.

АПВ негізінен жыныстық қатынас арқылы таралады және жұқтыру жағдайларының басым бөлігі жыныстық қатынас басталғаннан кейін болады. Вирус тез таралады және жасушалардың қатерлі ісігінің қоздырғышына айналады, сондықтан да қауіпті болып саналады.

Көп жағдайда инфекция еш симптомсыз өтеді, сондықтан адамда АПВ бар-жоғын арнайы зертханалық талдаудан кейін ғана білуге болады.

Жатыр мойны обырының дамуы АПВ инфекциясына байланысты екені ғылыми түрде дәлелденген. АПВ жұқтыру мен жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз әдісі – вакциналау.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жатыр мойны обыры әлемдегі барлық қатерлі ісік аурулары құрылымында 13%-ға дейін жетеді. Әлемде жыл сайын жатыр мойны обырынан 300 мыңға жуық әйел қайтыс болады. Қазақстанда жыл сайын 1600-ден астам жағдай тіркеліп, 500-ден астам әйел қайтыс болады.

Қазіргі уақытта 125-ке жуық ел (АҚШ, Канада, Аустралия, Бразилия, Венесуэла, Ұлыбритания) өзінің ұлттық иммундау бағдарламаларына АПВ қарсы вакцинаны енгізді. ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, «2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар» шеңберінде адам папиллома вирусына қарсы вакциналауды енгізу көзделген.

АПВ-ге қарсы вакциналауды енгізу бойынша дайындық жұмыстары басталды. ДДСҰ 9-14 жас аралығындағы қыздарды вакциналауды ұсынып отыр. Осыған байланысты, Қазақстанда биылғы жылдың үшінші тоқсанында 11 жастағы қыздарға екпе салу жоспарлануда.

Вакцина білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде тегін қолжетімді болады. Сондай-ақ, ата-ана өтінішімен вакцинаны тіркелген жері бойынша емханалардан алуға болады.

Вакциналау ата-ананың немесе қамқоршының келісімімен, еш қарсы көрсетілім болмаған жағдайда, дәрігердің тексеруінен кейін жүргізіледі. АПВ-ге қарсы вакциналар стандартты 0,5 мл көлемде иық бұлшықетіне егіледі.

 ДДСҰ ақпаратына сәйкес, вакциналау кестесі вакцина салынуы тиіс адамның жасына байланысты анықталады.

Айта кету керек, кез келген вакциналау, соның ішінде АПВ-ге қарсы вакциналар ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін ғана жасалады.

Динара Жанабергенова,

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<