Қазақстанда білім гранттарын бөлу процесі өзгереді

366

0

Фото: ашық дереккөз

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Қазақстанда білім гранттарын бөлу жүйесі өзгеретінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары мемлекет басшысының жолдауын жүзеге асыру мақсатында атқарылатын шараларды тізіп берді.

«Алдағы уақытта гранттар университет кіретін лигаға байланысты сараланады. Яғни жоғары балл жинаған, бірақ оқуға түсу конкурсынан өте алмаған мектеп түлектеріне қолдау көрсету ретінде қарастырылады», – деді Дүйсенова.

Сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін ЖОО білім сапасын тәуелсіз бағалау іске қосылатынын атап өтті.

“Бұл ретте критерий ретінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы елдер (35-тен астам ел) пайдаланатын көрсеткіштер пайдаланылады. Бағалау нәтижелері бойынша университеттер негізгі, орта және мақсатты лигаларға бөлінеді”, – деді Тамара Дүйсенова.

Биыл грантқа байланысты дау туды. Үкімет су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің түлектеріне гранттың 20 пайызын бөлгендіктен, жоғары балл алғандар грантқа түсе алмай қалғандарын айтты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҰБТ-дан жоғары балл жинаған, білім грантына түсе алмаған талапкерлердің мемлекетте басымдығы жоқ мамандықтарға құжат тапсырғанын түсіндірді.

Сондай-ақ байқау қорытындысы бойынша мыңға жуық «Алтын белгі» иегері грант алмағаны белгілі болды.

Еске салсақ, желіде түлектер ЖОО-ға түсу грантының басым бөлігі су тасқынынан зардап шеккендерге берілгеніне қарсы шыққан еді. Олар петиция жариялап, министрлікті сотқа берді. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<