ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев электронды цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) баламасы пайда болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі қолданыстағы электронды цифрлық қолтаңбадан жаңа «бұлтты» ЭЦҚ-ның басты айырмашылығы сол, оны пайдалану үшін компьютерге қосымша бағдарлама (NCALayer) орнатпайсыз. Жаздың соңына дейін оны қанатқақты режимде іске қосамыз деп ойлаймын», – деді министр онлайн режимде халыққа есеп беру барысында. «Азаматтар үнемі ЭЦҚ-ға қатысты көп сұрақ қоятын. Біріншіден, ЭЦҚ-ны алу үшін ХҚКО-ға бару кейбіреулерге қиындық тудырса, енді біреулеріне ЭЦҚ-ны пайдалану үшін компьютерге қосымша бағдарлама орнату қажеттігі ұнамады. Осыдан бірнеше ай бұрын біз ЭЦҚ-ны қашықтан алу процесін іске қостық. Ал, қазір NCALayer орнатуды қажет етпейтін баламалы электрондық цифрлық қолтаңбаны әзірлеумен айналысудамыз», – деді Жұмағалиев.
Таратылған мәліметке қарағанда, ЭЦҚ-ның жаңа түрі компьютерде немесе басқа да тасығышта сақталмайды. Қызметті алу кезінде жүйе азаматтың серверде сақталған цифрлық қолтаңбасын автоматты түрде табады. Қазіргі уақытта ЭЦҚ-ның жаңа түрі әзірлеу сатысында. Оны қолданысқа биыл енгізу жоспарда бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<