Қазақстанда мемлекеттік сатып алу жүйесі өзгеруі мүмкін

829

0

Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов конкурс өткізудің жаңа тәсілдерін айтып берді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Базаны толтыру бойынша үлкен жұмыс атқарылды, қазір верификация, электрон депозитарийге енгізілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Электрон депозитарийді енгізу арқылы адамның жұмыс тәжірибесін автомат түрде есептеуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік болады. Бұл ретте, біздің ойымызша, сатып алудағы сыбайлас жемқорлықты жоюдың жалғыз шарты – өнім жіберушіні таңдау процесінде адами факторды алып тастау», – деді Ахметов ОКҚ-нің онлайн-брифингінде.

Оның айтуынша, балдық жүйені қолдану арқылы сатып алудың жаңа тәсілдерін енгізу мәселесі пысықталып жатыр.

«Бұл тәсілде мемлекеттік сатып алу процесіне адамдар мүлде қатыспайды және ол конкурстық комиссиясыз жүзеге асырылады. Мемлекеттік сатып алудың электрон жүйесін кеңінен интеграциялау арқылы веб-порталда өнім жіберушілерге автомат түрде рейтинг беріледі.

Мысалы, қандай да бір өнім жеткізушісінің беделі жақсы, яғни жұмыс тәжірибесі бар, қаржылық тұрақтылық көрсеткіші жоғары, ұсынатын кепілдік мерзімі ұзақ болса оған тиісті оң ұпайлар автомат түрде беріледі. Ал беделі нашар ұйымдарға, мысалы, ол бұрын сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болған немесе оған қатысты айыппұл санкциялары қолданылса, тұрақсыздық фактілері анықталса, онда мұндай әлеуетті өнім берушілерге автомат түрде теріс балл қойылады», – деп түсіндірді Ахметов.

Ол мемлекеттік сатып алу веб-порталында баға және сапа өлшемдері негізінде ең көп балл жинағандар арасында конкурс жеңімпазы автомат түрде анықталатынын айтты.

«Жеткізушіні автомат түрде таңдау принципі мен тәсілін біз бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алудың электрон жүйесінде көшбасшылардың бірі саналатын Оңтүстік Кореяның тәжірибесі негізінде ұсынамыз. Жоғарыда аталған барлық жаңашылдық пен ұсыныс қазір Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасы аясында пысықталады», – деп түйіндеді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<