Қазақстанда мүгедектерге қандай қолдау көрсетіледі?

998

0

Қазанның екінші жексенбісінде Қазақстанда Мүгедектер күні атап өтіледі. Елімізде 702 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау және оларды ң өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі.

Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын 702,1 мың мүгедектігі бар адамның 424,5 мыңы еңбекке қабілетті жаста (60,5%), 180,7 мыңы зейнеткерлік жаста (25,7%) және 96,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (13,8%). Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат олардың қоғамға толыққанды кірігуіне және халықтың осы санаты басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы және т. б. үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталған.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдауды; әлеуметтік оңалту шеңберінде организмнің жоғалтқан функцияларының орнын толтыруды; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адамдар көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдері ескеріле отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

«Мемлекет тұрақты негізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша шаралар қабылдауда. 2020 жылы әлеуметтік төлемдерге, техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге мемлекеттік бюджеттен 455 млрд теңге бөлінді, ағымдағы жылы осы мақсаттарға 486 млрд теңге көзделген. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде тіршілік әрекетінің барлық бағыттары бойынша кешенді шаралар қабылдануда», – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (бұдан әрі – МӘЖ) алушылардың саны 528,1 мың адамды құрайды. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша МӘЖ төлеуге 232,4 млрд. теңге жұмсалды. Мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ-дің орташа мөлшері 48 743 теңгені құрады.

«Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары (бұдан әрі – ОТҚ) мен қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Жыл басынан бері Портал арқылы 214 мыңнан астам мүгедектігі бар адам ОТҚ, 6 мыңнан астамы – ымдау тілі қызметін, 32,5 мыңнан астамы – жеке көмекшінің қызметін, 48 мыңға жуығы – санаторлық-курорттық ем алды», – деп толықтырды Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар, Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында Еңбекмині мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру және олар алатын қызметтердің сапасын арттыру мақсатында заңнаманы жетілдіру бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Осы жұмыстың іске асырылуын бақылауды министрліктің жобалық офисі жүзеге асырды. Қыркүйекте ҚР Парламенті қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның ерекше маңызы бар.

«Құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға арналған жәрдемақыны енгізу қарастырылған. Нәтижесінде бұл жәрдемақы бөгде адамның күтімін қажет ететін қосымша 24 мың адамды қамтиды. Сондай-ақ, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу қарастырылған. Бұл көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37% – ға дейін ұлғайтылатын болады. Бұл шара мүгедектігі бар 30 мыңнан астам балаға қатысты болады. Сондай-ақ заңда мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен ОТҚ-мен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету – заңның тағы бір жаңашылдығы. Сонымен қатар, құжатта мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді. Сонымен қатар, заңда мүгедектігі бар балаға күтім жасау мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту қарастырылған, бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсер етеді», – деді Серік Шәпкенов.

Сондай-ақ, халықтың басқа санаттарымен қатар мүгедектігі бар адамдар тұрақты тұратын немесе қызмет алатын медициналық-әлеуметтік мекемелердің (бұдан әрі – МӘМ) қызметін регламенттейтін бірқатар бұйрықтарға өзгерістер енгізілді Атап айтқанда, барлық МӘМ-де бейнебақылау камераларын орнату қарастырылған. Камералар ұйымға іргелес жатқан аумақтың периметрі бойынша, негізгі және қосалқы кіреберістердің жанында, сондай-ақ үй-жайлар мен жалпы пайдалану кабинеттерінде орнатылады. МӘМ-дегі туыстары мен жақын адамдарының жазбаларды көруге рұқсаты болады.

Бұдан басқа, МӘМ директорларын тағайындау кезінде оларға қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Бұл азаматтармен жұмыс істеуде үлкен тәжірибесі бар қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың басшыларын тарту арқылы өңірлердегі кадрлық дағдарыс проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, МӘМ-нің материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормативтері жақсарды. МӘМ қызметі әлеуметтік қорғау органдарының тұрақты бақылауында. «2021 жылдың І жартыжылдығында Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменттерінің мамандары медициналық-әлеуметтік мекемелерге «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңдардың сақталуы бойынша 469 тексеру жүргізді. Жүргізілген бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында анықталған бұзушылықтарды жою туралы 379 нұсқама, оның ішінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында 70 нұсқама берілді.

Нәтижесінде жалпы сомасы 7,4 млн теңгеге 71 әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында 335,4 мың теңгеге салынды. Министрлік МӘМ жұмысының алдын алу және мониторингін күшейту бойынша жүйелі шараларды әзірлеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде», – деп атап өтті Серік Шәпкенов. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманың рәсімдері мен мерзімдерін оңтайландыру мақсатында Еңбекмині мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Осы айдың өзінде жоба Қазақстанның 6 өңірінде пилоттық негізде болады. Оны іске асыру келешекте мүгедектігі бар адамдардың инстанциялар бойынша жүруін және көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың қазан айында жергілікті атқарушы органдар мүгедектер күніне орайластырылған салтанатты іс-шаралар өткізеді (байқау-конкурстың, шығармашылық фестивальдердің, Паралимпиада ойындарының, арнайы Олимпиадалар мен чемпионаттардың жеңімпаздарын марапаттау), мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға үлес қосқан белсенділерге құрмет көрсетеді. Қалалар мен аудандардың әкімдері мүгедектігі бар адамдарды, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды аралайды. Медициналық-әлеуметтік мекемелер мен оңалту орталықтарында мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған «Ашық есік күндері» өтеді.

Сонымен қатар, қайырымдылық акциялары аясында мүгедектігі бар ауыр науқастарға бару жоспарланған, оларға азық-түлік себеттері беріледі.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/kazakstanda-mugedekterge-kanday-koldau-korsetiledi_a3846343

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<