Қазақстанда Ресей нөмірін таққан көліктерді тексеру басталды: Министрлік түсініктеме берді

667

0

Ішкі істер министрлігі Ресей нөмірін таққан көліктердің не себепті тексеріліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов тамыз айынан бері көрші елдерден келетін көліктерді тексеру шаралары атқарылғанын айтты. Ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары ресейлік нөмірмен жүрген автомобильдерге баса назар аударды.

«Сол кезде бізге біраз криминалдық көлік әкелінгені анықталды. Олар тіркеуден шығарылған. Жалған құжат негізінде 10 көлікті кіргізу фактісін ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп анықтадық. Бұдан бөлек, 150 көлікті Ресей Федерациясында тіркеуден шығарып тастаған», – дейді Түсіпов. 

Осыдан кейін ішкі істер министрлігі Қазақстанда ресейлік нөмірмен жүрген көліктер туралы қажетті ақпаратты сақтандыру компанияларынан алдыртты. Ресейдің ішкі істер органдарына да сұрау салынды. Ол жақта Қазақстанда жүрген 88 мың көліктің тіркеуде тұрмағаны расталды.

«Бұл дегеніміз, ол көліктер заң бойынша тіркелмеген, я болмаса, Қазақстан азаматтарына сатылғаннан кейін бұрынғы иелері – Ресей азаматтары тіркеуден шығарып тастаған. Ал заң бойынша тіркелген көліктер ғана жол қозғалысына қатыса алады. Қазіргі кезде осы санаттағы көлік иелерімен тиісті жұмыстар атқарылып жатыр», – деп атап өтті Түсіпов.

Оның айтуынша, ресейлік көліктер тиісті құжаттары мен нақты тіркеуі болса, жүре береді. Бірақ заңда көрсетілген мерзімді сақтау қажет. Ондай көліктерді жыл сайын тіркелген жеріне апарып отыру керек.

«Сосын Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүрген 606 көліктің іздеуге жарияланғаны туралы ақпарат берді. Бұл дегеніміз, ол көліктердің белгілі бір қылмысқа қатысы бар, я болмаса, сол қылмыстың нысаны болып саналады. Біз ондай көліктерді анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы уақытқа дейін 200 көлік табылды», – деді Түсіпов. 

Қазіргі кезде криминалдық көліктер туралы барлық ақпарат іздеу жариялаған мекемелерге жіберілді. Соның негізінде процессуалдық шешім шығарылады. Ұсталған көліктер әзірге айып тұрағында тұр.

Алдағы уақытта екі елдің ақпарат базасын интеграциялау жоспарланып отыр. Соның арқасында тіркеуде тұрмаған көліктер автоматты түрде анықталады. 

https://stan.kz/kazakstanda-reseylik-355288/

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<