Қазақстанда жастарды қолдауға арналған жоба іске қосылмақ. Конкурстың жеңімпаздарына млн теңгеден беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ОҚК алаңында өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров мәлімдеді.
«Zhas Project» мақсаты – жастар арасында жобаларды іске асыру бойынша ақпараттық түсіндіру, білім беру және жүргізілетін жұмыстар арқылы NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.
Биыл «Zhas project» жобасы еліміздің 20 өңірінде іске асырылады. «Zhas project» жобасы шеңберінде NEET санатынан жергілікті қоғамдастықтардың проблемаларын шешуге бағытталған әлеуметтік жобаларға конкурстық негізде 1 000 000 теңгеге дейінгі сомаға шағын гранттар беру көзделген. Бұл жерде, мен NEET санатындағы жастар ұғымына анықтама бергім келеді. Бұл жұмыспен қамту және білім беру саласынан тыс, уақытша жұмыс істемейтін, білім беру ұйымдарында оқымайтын немесе кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өтпейтін жастар, – деді ол.
Конкурсқа 18 жастан 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.
Жобаға қатысушыларға қойылатын талаптар:
– Қазақстан Республикасының азаматтары;
– 18 бен 35 жас аралығындағы жастар (34 жасты қоса алғанда);
– өтінім беру сәтінде өңір аумағында тұрақты немесе уақытша тіркелуі тиіс;
– өтініш беруші өтінім берген сәтте уақытша тұрақсыз жастар мәртебесінде болуға тиіс.
Қайрат Қамбаров әлеуметтік жобаларға қойылатын талаптарға да тоқталып өтті.
Жоба жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс және 4 айдан аспайтын мерзімде іске асырылуы тиіс. Конкурс шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін және оның ішінде жобаны іске асыру барысында ақылы қызметтер көрсетуді/тауарларды сатуды көздейтін коммерциялық қызметке бағытталған жобаларға; құрылыс жұмыстарының немесе ғимараттарды реконструкциялау/қалпына келтіру жөніндегі жұмыстардың қандай да бір түрлерін; жергілікті мемлекеттік органдарға, өзге де мемлекеттік мекемелерге немесе үкіметтік емес ұйымдарға арналған жабдықтарды сатып алуды/жалға алуды көздейтін жобалар, сондай-ақ жер учаскелерін сатып алуды/жалға алуды, тұрғын үй сатып алуды/жалға алуды, автокөлік сатып алуды ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуды көздейтін жобаларға қолдау көрсетілмейді, – деп түсіндірді комитет басшысы брифингте.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<