Қазақстанда жергілікті қамтуды дамыту қоры құрылады – Энергетика министрі

586

0

ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында министрлік жүргізіп жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрлан Ноғаев қазіргі кезде министрлік мұнай-газ секторы нарығындағы жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға қабілетті екі бастаманы іске асырып жатқанын, оларды жақын арада іске асыру жоспарланғанын жеткізді.

Оның айтуынша, біріншіден, Жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қорын құру ескерілген. «Шеврон» компаниясы Республика алдындағы өзінің қайта инвестициялау міндеттемелері аясында 248 млн АҚШ доллар мөлшерінде жергілікті қамтуды дамытуды жоспарлап отыр. Инвестициялар технология мен IT, базалық тауарлар шығару және мұнай-газ секторы мен қоршаған ортаны қорғауға арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру бойынша үш бағытқа салынады.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, 10 жыл ішінде Қор қызметінің Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өніміне оң әсері шамамен 642 млн долларды (немесе шамамен 270 млрд теңге) құрайды деп жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта импортталатын тауарлар мен қызметтердің белгілі бір бөлігі ел ішінде өндіріледі деп жоспарлануда, бұл импортты 86 млн долларға немесе 36 млрд теңгеге азайтуға алып келеді.

Екіншіден, мұнай-газ машинасын жасау мен сервисті дамыту халықаралық орталығын құрылмақ.

Аталған Орталық жұмысының мақсаты – жаңа өндірістер мен қызмет сервистік орталықтар ашу. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілер мен сервистік компаниялардың мүмкіндіктерін кеңейту арқылы Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін, яғни үш оператордың (НКОК, КПО, ТШО) қажеттігі үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісін оқшаулау ескерілген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<