Биыл еліміздегі 10 мұнай және газ жер қойнауы учаскелері онлайн-аукцион арқылы сатылады. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жер қойнауын пайдалану құқығын алуға мүдделі тұлғалар аукцион өткізуге онлайн режимінде өтініш бере алады.
«2020 жылы Қазақстанда 10 мұнай-газ жер қойнауы учаскесін электрондық аукцион арқылы сату жоспарлануда. Олардың қол қою бонусының жалпы бастапқы мөлшері 400 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта аукционға қатысуға 30-дан астам өтініш келіп түсті», – деді Жанат Жахметова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, көмірсутектерді игеру және өндіру үшін мемлекет ұсынатын учаскелердің жалпы ауданы шамамен 29 мың шаршы шақырымды құрайды.
«Электрондық сауда-саттықты өткізу 2020 жылғы 23 желтоқсанға жоспарланған Қатысуға өтінімдер 29 қарашаға дейін қабылданады. Бұл игеру құқығы электрондық тәсілмен іске асырылатын алғашқы учаскелер болып саналады. Осы уақытқа дейін аукциондар «көзбе-көз» режимде өткен еді. Қатысушыларға, тіпті егер игеруге шетелдік компания үміткер болғанның өзінде аукцион залдарына бару қажет болатын. Енді карантинге байланысты және көптеген халықаралық әуе рейстері тоқтатылған кезде сауда-саттық электрондық тәсілмен жүргізіледі. Бұл мемлекеттік органдарды да, бизнесті де айтарлықтай операциялық шығындардан босатады», – деді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<