Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 КО) британиялық Дензел Бентлиді (17-1-1, 14 КО) жеңіп, әлем чемпионы атағын қорғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған жекпе-жек АҚШ-тың Лас Вегас қаласында өткізілді. Қос боксшы WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионы атағын қорғау үшін қолғап түйістірді.
Жекпе-жек он екі раундқа созылды. Қос боксшы тартысты бәсеке өткізді. Бір-біріне дүркін-дүркін соққы жұмсап үлгерді.
Төрешілер шешімімен жеңіс Жәнібек Әлімханұлына берілді. Осылайша ол кәсіпқой бокстағы он үшінші жеңісіне қол жеткізді.
Айта кетсек, қазақстандық боксшы аталған нұсқа бойынша орта салмақта әлем чемпионы саналады.
Бұл атақтың бұрынғы иегері американдық Деметриус Андраде (12-0, 8 КО) екінші орта салмаққа ауысып кетті. Осыған байланысты орта салмақта әлем чемпионы атағы Жәнібек Әлімханұлына берілді.
Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Әуесқой бокста 2013 жылы әлем және Азия чемпионы атанса, 2014 жылы Азия ойындарында жеңімпаз болды. 2016 жылдан бері кәсіпқой бокста сынға түсіп жүр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<