Қызылорда облысында Су және білім: Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы балалар мен жастары арасында су ресурстарын ұқыпты пайдалану және сақтау мәдениетін қалыптастыру (Арал теңізі бассейні) пилоттық жобасы басталды. Жоба ЮНИСЕФ, Францияның даму агенттігі (AFD) ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі қолдауымен мен Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитетінің (АҚХҚ АК) ынтымақтастығымен жүзеге асырылуда.
Жобаның орындаушысы – «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ.
Жобаның мақсаты – су ресурстарының тапшылығы мен климаттық қауіп-қатерлер күшейіп отырған жағдайда су сауаттылығын арттыру және тұрақты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру. Пилоттық алаң ретінде Арал теңізі бассейнінде орналасқан, су тапшылығына аса осал өңірлердің бірі – Қызылорда облысы таңдалды.
Пилоттық жоба 10 мектепті және 12 мыңнан астам оқушыны қамтиды
Жобаға облыстағы 10 пилоттық мектеп қатысуда. Білім беру және ағартушылық іс-шараларға 12 мыңнан астам оқушы мен 800-ден аса педагог тартылды. Сонымен қатар, 55 мың оқушысы бар 45 магниттік мектеп бастамаға қосылып, тәжірибе мен білім беру форматтарын кеңейтілген мектеп желісіне тарататын болады.
«Суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыруды ерте жастан бастау қажет. Білім беру жүйесі арқылы біз ұзақ мерзімді перспективада елдің су қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін тұрақты мінез-құлық дағдыларын қалыптастырамыз. Бұл әсіресе су тапшылығы жоғары өңірлер үшін маңызды», – деп атап өтті ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінде.
Мектептерде іс-қимыл топтары мен су тұтынуын мониторингтеу жұмыстары басталды.
Пилоттық мектептерде жастардың су клубтарының жұмысы басталды. Мектептерде әрекет командалары құрылып, су үнемдеу бойынша жеке жоспарлар әзірленіп, су тұтынуды бақылау, мектеп инфрақұрылымының қазіргі жағдайын талдау жұмыстары басталды. Мұндай практикалық тәсіл судың маңыздылығын түсіндіріп қана қоймай, оқушыларды білімді күнделікті өмірде қолдануға – өлшеуге, талдауға және әдеттерін өзгертуге үйретеді.
Жастар су клубтары, байқаулар және интерактивті әдістемелік материалдар
2026 жылғы қаңтардан бастап пилоттық мектептерде жастар су клубтары жұмыс істей бастады. Жоба аясында балалар суреттері мен педагогтарға арналған экологиялық ертегілер байқауларын қоса алғанда, 6 шығармашылық және білім беру конкурсын өткізу жоспарланған. Сонымен бірге, тиімді су пайдалану дағдылары мен экологиялық ойлауды дамытуға бағытталған ойындар, квестер және тапсырмалардан тұратын әдістемелік пакеттер әзірленеді.
Жобаға ЮНИСЕФ-тің жас еріктілері де қосылады. Олар 2025 жылы Қазақстан өңірлерінде ашылған ЮНИСЕФ-тің алты жастар хабы базасында климат және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бастамаларды іске асырып келеді.
Келесі кезең: Арал теңізі маңындағы эко-кемп, медиа-форум және Tamshy.kz цифрлық платформасы
Жобаның алдағы жоспарында – сәуір айында барлық пилоттық және магниттік мектептердің қатысуымен плоггинг өткізу, балалар мен жасөспірімдерге арналған офлайн медиа-форум ұйымдастыру, сондай-ақ су үнемдеу бойынша мектеп жобаларының байқауын өткізіп, үздік бастамалар авторларын ақшалай сертификаттармен марапаттау көзделген.
Пилоттық мектептердің аумағында су үнемдеу технологияларын көрсететін демонстрациялық учаскелер құрылады. Бұл балаларға тамшылатып және ұсақ-диспенсерлі суару жүйелерінің, сенсорлық крандар мен ауызсу субұрқақшалардың тиімділігін бақылауға, сондай-ақ агроволокно қолдану арқылы мектеп ауласында көкөніс, жасыл желек, гүлдер мен бұталар өсіру тәжірибесін жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, байқау жұмыстарын онлайн бағалау және білім беру материалдарын орналастыру үшін Tamshy.kz цифрлық платформасы іске қосылады. Барлық әдістемелік материалдар мен жоба нәтижелері ашық қолжетімді болады.





