Қазақстандық теннисшілер үздіктер қатарында

790

0

Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық турнирлерде үздік шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Испанияның Санта-Понса қаласында 12 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe сериясы бойынша өткен бірінші санаттағы жарыста Найля Баймаханова жекелей сында финалда ғана ресейлік Софья Якухинаға есе жіберді.

Грекияда екінші санаттағы осындай додада Жантөре Санжарұлы жұптық сында чемпион атанды. Ол намибиялық Исраэл Довемен бірге соңғы бәсекеде грекиялық жұпты 6:2, 6:0 есебімен ойсырата ұтты. Жекелей сында Жантөре жартылай финалға дейін жетті.

Өскеменде үшінші санаттағы ТЕ жарыста алматылық Полина Слепцова абсолютті жеңімпаз болды. Ол жекелей сында финалда отандасы Айя Мырзақұлованы тартысты кездесуде ұтты – 2:6, 6:2, 7:6 (7:2). Ал, жұптық сында Ариана Колбасинамен бірге Альбина Кәкенова – Айя Мырзақұловадан айласын асырды – 3:6, 7:6 (7:4), 10:3.

Ұлдар арасында жекелей сында шешуші бәсекеде Тихон Сорокинді жеңген Ілияс Маратұлы озық шықты – 6:1, 6:4. Ілияс мұнымен тоқтамай, жұптық сында Вячеслав Кауфельдпен бірге финалда Демид Горбачев – Бақтияр Ерасылды тізе бүктірді – 6:0, 7:6 (8:6).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<