Қазақстандықтар 42 500 теңге әлеуметтік төлемді қайтаруға міндеттелмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат stopfake.kz ресурсына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ТЖ режиміне байланысты табысын жоғалтқандарға төленген 42 500 теңге мөлшеріндегі төлемдерді қайтару қажет деген қауесет тарауда. Пайдаланушылар банктердің мобильдік қосымшаларындағы «Әлеуметтік көмекті қайтару» парақшаларының экраннан түсірілген суреттерін жіберуде. Мемлекеттен алынған қаражатты қайтаруға болады. Бірақ, міндетті емес. – Төтенше жағдай кезінде кейбір адамдар әлеуметтік төлемдерді заңсыз алды, олар кірістерін жоғалтпаған. Олардың кейбіреуі бұл қаражатты мемлекетке қайтару туралы шешім қабылдады. Төлемдер төлене бастағалы оны шамамен 180 000 адам қайтарды. Бұл ерікті түрде жүзеге асырылады. Азаматтарды бұл ақшаны қайтаруға міндеттейтін нормалар мен заңдар жоқ, – деп түсіндірді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми өкілі Александр Кононец.
Қателесіп алған әлеуметтік көмекті қайтару үшін Kaspi Bank мобильді қосымшасында тиісті функцияны іске қосылды. Бұл өте ыңғайлы. Ол сәуірден бастап жұмыс істеп келеді және Төтенше жағдай режимі кезінде 42 500 теңге алғандардың бәріне қолжетімді болды. Қазір оның қызметі тоқтатылды.
– Карантин кезінде әлеуметтік төлем алған, бірақ табысын жоғалтпаған азаматтар үшін ақша қаражатын қайтару функциясы Kaspi.kz мобильдік қосымшасында іске қосылған. Бұл төлемдерді қайтару – әрбір ҚР азаматының ерікті және дербес шешімі, – делінген StopFake.kz Kaspi Bank порталына жолдаған сауалына берілген ресми жауапта.
«Баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз» деп жазады портал.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<