Қазақстандықтар қандай жағдайда кредит төлеуден босатылады

444

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Мәжіліс қарауына енгізілген заң жобасында кредит алудан алдын ала және ресми түрде бас тартқан қазақстандықтарды алаяқтар рәсімдеген қарыздан босату туралы норма қамтылған. Осы орайда депутат Берік Бейсенғалиев жаңа заң жобасында ескерілген осы нормаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Адамдар кредит алуға өтінім бермесе де, оның атына бөтен біреу несие рәсімдеп жатқан оқиғалар кездесіп жатады. Кейін осы адам шын мәнінде кредит қаражатын алмағанын дәлелдеп әуреге түсетін. Яғни несие алу үшін банк ғимаратына да бармағанын айтып жатады. Қазір ұсынылып жатқан заң жобасында арнайы тармақ енгізілуде. Оның аясында адамдар eGov.kz жүйесі арқылы несие рәсімдеуден алдын ала бас тарта алады», – деді Б. Бейсенғалиев агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Мәжіліс депутатының сөзіне қарағанда, егер адамдар кредиттен ресми түрде бас тартса, онда бұл адам алаяқтардың тұзағына түспейді.

«Нақты бір адам осы мүмкіндікті пайдаланып несиеден бас тартқанымен, кейіннен оның атына біреу кредит рәсімдеп жатса, онда бұл адам бұрынғыдай дәлел айтып, әуре болмайды. Себебі eGov-та осы адамның кредиттен бас тартқаны туралы белгі тұрғанын ескеріп, банк осы заңсыз рәсімделген несие бойынша міндеттемені өшіреді. Атап айтқанда, eGov жүйесінде кредиттен бас тарту туралы белгіні қойсаңыз, онда алаяқтардың сізге «іліп кеткен» қарызына жауап бермейсіз. Ал кейіннен банктен несие алғыңыз келсе, eGov-тан жаңағы тыйым салу белгісін өшіресіз. Бұл қадамдар алаяқтар тұзағына түсіп қалмау үшін керек», – деді депутат.

Бүгін хабарланғанымыздай, Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.

Бұл құжатта несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі болған жағдайда азаматтарға жаңа тұтынушылық несиелер беруге тыйым салу, 90 күн кешіктірілгеннен кейін барлық несие бойынша пайыздарды есептеуге тыйым салу, сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарының коллекторлық агенттіктерге азаматтардың несиелерін сатуына шектеу енгізу және тағы да басқа нормалар қарастырылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<